×

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады». Жаңбыршин билет бағасын негізсіз қымбаттатқан компанияларды тексеруге шақырды

Депутат табиғи апат кезінде азық-түлік бағасы да қымбаттағанын айтты

 Дәурен Ерболат 17.04.2024 | 16:47
photo © Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде су басқан өңірлердегі халық қиналған сәтте билет бағасын (ұшақ билеті, пойыз билеті) негізсіз қымбаттатқан компанияларды тексеруді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еділ Жаңбыршин депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген сөз бар. Қазір еліміздегі бірқатар жолаушы тасымалдаушы компанияның іс-әрекеті осыны байқатады. Өңірлеріміздің басым бөлігін су басып, тұрғындар тілсіз апатпен күресіп, әбігерге түсіп жатса, кейбір әуе және теміржол компаниялары билет бағасын шарықтатып жіберді. Көздегені – осындай күрделі сәтті пайдаланып, пайда тауып қалу», - деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат сөзіне нақты мысалдар келтірді.

«БАҚ-тағы деректерге сүйенейін. Мысалы, Атырау қаласынан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар бір билет құны үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атырау – Алматы бағытындағы билет бағасы 675 мың теңгеге дейін өскен. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кетті. Билет бағасының қымбатшылығы және әуе, темі жол көліктерінің аздығы, су басқан облыс тұрғындарының басқа өңірлерге шығып кетуіне қиындық туғызып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге өзі араласып, әуе және теміржол билеті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескертті», - деді ол.

Сондай-ақ Еділ Жаңбыршин табиғи апат кезінде азық-түлік бағасы да өскенін жеткізді.

«Күрішарқасында күрмек су ішеді» демекші, халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылғанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеп отыр. Құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар да аз емес, - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин депутаттық сауалында шұғыл түрде шешілуге тиіс бірнеше мәселені айтты:

  • Еліміздегі әуе, теміржол, автомобиль тасымалдаушыларының бағасын тұрақты бақылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол берілмесін. Әсіресе, су басқаннан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын;
  • Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуі тек 24 сәуірге дейін емес, билет бағасының 12 ай бойы тұрақты болу мәселесін бақылауды қарастырылсын.
  • Су тасқыны болған өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыру қолға алынсын және қымбаттауына жол бермесін.
  • Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволардыңды жұмысын ұйымдастыруды қазірден бастап қолға алып, жұқпалы ауруларға қарсы жүйелі түрде жедел шаралар қабылдасын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама