Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: Ринат Зайытов кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартуды ұсынды

Депутат су басқан аймақтардағы тұрғындарға уақытша несие каникулын жан-жақты қарастыруды сұрады

 Дәурен Ерболат 17.04.2024 | 16:02
Су тасқыны: Ринат Зайытов кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартуды ұсынды
Ринат Зайытов, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстандағы су басқан өңірлердегі жағдайға кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ринат Зайытов депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

«Бүгінгі сауал – менің сөзім емес, әулетімен әуреге түсіп, баспанасы мен мал-мүлкінен айырылып, тілсіз жаумен тайсалмай күресіп жатқан ержүрек қазақ халқының сөзі деп білсеңіздер.

Біріншіден, тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты.

Егер жауапқа тартпаса, «Бөренеден аттаймыз» деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жалғаса береді.

Президент айтқандай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар жазалануға тиіс», - деді Ринат Зайытов.

Екіншіден, апат салдарынан зардап шеккен халық шығынның қалай өтелетінін толық білмейді.

Өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған. Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сондықтан комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыс болу үшін оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз, - деді депутат.

Үшіншіден, депутат су басқан аймақтардағы тұрғындарға уақытша несие каникулын жан-жақты қарастыруды сұрады.

Одан бөлек, Ринат Зайытов елдің тұтастығын бұзғысы келетін белгісіз күш барын атап өтті.

Абай мен Қостанай облыстарында болған отты опатта да, бүгінгі болып жатқан топан су топалаңында да Қазақстан халқы өзінің бағалы бірлігі мен темірдей төзімін танытты. Міне, осы төзім мен бірліктің арқасында бәріміз бұрынғы биліктің жақтастары жасаған қастандықты да, мемлекет тұтастығын бұзғысы келетін сайқал саясаттарын да іске асыруға жол бермей келеміз, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама