×

«Ғылымға көңіл бөлмеді, жаңа су қоймалары салынбады». Депутат су тасқынына «Ескі Қазақстанды» кінәлады

Депутат елдегі жағдайға кінәлі шенеуніктер жазаға тартылуы керегін айтты

 Дәурен Ерболат 17.04.2024 | 15:19
photo © Halyq Uni / Мейірбек Тажқұранов

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қазақстандағы су тасқынына «Ескі Қазақстанды» кінәлады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Бұл сауал – арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан айрылған ағайынның өтініші. Қазақ «Алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын арқалап әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың «қақпанында» қалды, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың пікірінше, табиғи апатқа кінәлі шенеуніктер жазаға тартылуы керек.

«Жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл – Президенттің және елдің нақты талабы.

Апта соңында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына бардық. Құлсарыда 2800 үй су астында қалған.              

Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді. Қазір 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 162 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың Ресейдегі бөлігіндегі судың деңгейі 11,87 метр болды. Енді сол су елімізге қарай жөңкіліп келеді.

Жайық өзені БҚО-ның 800 шақырым жерімен ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі – 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден аса жоғары. Жайықтың бойында 84 елді мекен бар. Онда 94 129 адам тұрады», - деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы екенін атап өтті.

Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуге тиіс. Комиссия су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Өңірлердегі басты мәселеленің бірі, - деді ол.

Депутат су басқан өңірлердегі жағдайға «Ескі Қазақстанды» кінәлады.

«Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр. Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. «Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін жанталасып жатыр.

Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруға тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді», - деді ол.

Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, 1950-1970 жылдары салынған су қоймалары мен бөгеттер көптен жөндеу көрмеген.

«1990 жылдан бері олар жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған. «Неге биылғы тасқынның алдын алу мүмкін болмады?» деген сұрақ туады. Оған себеп – ғылымға жағдай жасалмауы. Салдарынан 90-жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек.

Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ олар қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама