Полиция қызметінде әйелдердің саны көбеюі мүмкін
Бүгінде ІІМ-де 280 әйел тергеуші жұмыс істейді
Отбасындағы зорлық-зомбылық және сексуалды сипаттағы қылмыстарды тергейтін әйел полицейлердің саны артуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент бізге отбасындағы зорлық-зомбылық профилактикасымен айналасатын әйел полицейлердің санын арттыруды тапсырды. Біріншіден, қазір Қазақстан бойынша олардың штат санын 750-ге көбейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл тәжірибе дұрыс. Себебі елімізде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен қыз балалардан жауап алатын тергеуші әйелдер бар, - деді Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ ол әйел полицейлердің санын арттыру үшін қаржы керектігін атап өтті.
«Екіншіден, мұндай жағдайда сұрақ-жауапты әйел жүргізуі керек. Бұл тәжірибені зерделедік. Қазір әкімдермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар бізді қолдады. Бұл (штаттағы) бірлікті
қаржыландыру мәселесі Үкіметте жатыр. Қазір нақты соманы айта алмаймын. Бүгінде ІІМ-де 280 әйел полицей жұмыс істейді», - деді ол.