«Биліктің беделін түсіруге бағытталған науқан»: Назарбаев қоры мәлімдеме жасады

Халық үні

Назарбаев қоры әлеуметтік медиада тараған ақпаратты жоққа шығарды 

Фото: depositphotos.com/Lyaza Tretyakova

Назарбаев қоры ресми мәлімдеме жасап, әлеуметтік медиада тараған «биліктің беделін түсіруге бағытталған науқан» туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазақстанда су тасқыны болып, ахуал өткір сипат алып тұрған шақта кейбір әлеуметтік медиа Назарбаев қоры «биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан» жүргізіп отыр деп жариялады.

Бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ деп мәлімдеме жасау қажет деп санаймыз.

Назарбаев қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, ел жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын атап өтті.

«Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Бұл күндері ел тұрғындары сияқты Тұңғыш президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау үшін алғашқылардың бірі болып ақша аударып, қаржылай көмек көрсетті», - делінген.