Балуанымыздың күресі көңілге сенім ұялатады, - деді маман
Еркін күрестен Қазақстан құрама командасының жаттықтырушысы Қарысбек Махамбетов Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні туралы өз ойын айтты.
Жаттықтырушы Olympic.kz-ке берген сұхбатында балуандардың күресіне баға беріп, олардың алдағы мүмкіндіктері туралы пікір білдірді. Осы орайда ол алғаш рет Азия чемпионатында жүлде алған Мейрамбек Қартбай туралы да айтты.
Мейрамбек Қартбай алғаш рет Азия чемпионатында жүлдегер болды. Ол былтырғы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, финалда жеңілген еді. Бішкекте жартылай финалдық белдесуде жеңуге мүмкіндігі бар еді. Бірақ соңына дейін жеңісті ұстап тұра алмады. Десе де Мейрамбектің алғашқы жүлдесі үшін қуаныштымыз, – деді Қарысбек Махамбетов.
Ал Ризабек Айтмұханның болашағы әлі алда екенін атап өтті.
Ризабек Айтмұханға келер болсақ, бұл балуанымыз 97 келіге бейімделіп келе жатыр. Финалға дейінгі қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Финалда ол өзі секілді жас спортшы, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновпен күресті. Ризабек адуынды қарсыласына жақсы тойтарыс берді деп ойлаймын. Ахмед – бұрыннан сол салмақта жүрген жігіт. Салмағы жүз келіден асады. Ал Ризабектің салмағы әлі де болса жетіңкіремейді. Бұл белдесу кезінде бәрібір де байқалады.
Елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы 97 келіде де жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, соған сенімдімін. Оның күресі көңілге сенім ұялатады, – деді маман.
Сондай-ақ ол басқа балуандардың бабы мен бағы келіспегенін жасырмады.
Өкінішке қарай, қалған үш салмақтағы балуандарымыз жеңіліс тапты. Біріне сәттілік, енді біріне шеберлік пен жылдамдық жетпей қалды. Әсіресе, 65 келідегі спортшыларды әлі де дайындау үстіндеміз. Бұл салмақта ұзақ жылдар бойы Дәулет Ниязбеков көш бастады. Ол әлемдік деңгейдегі балуандар қатарынан болды. Енді оның ізбасарларын шығарамыз, – деді Қарысбек Махамбетов.
Еске сала кетсек, Бішкектегі Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Мейрамбек Қартбай (57 келі) қола, Ризабек Айтмұхан (97 келі) күміс жүлде алған еді.