Сауда орталықтарында қазақстандықтардың қауіпсіздігі сақталмаған – депутат
Халықаралық деңгейдегі іс-шарада қауіпсіздікті күшейту керек
Елімізде ірі сауда-ойын орталықтарында қазақстандықтардың қауіпсіздігі сақталмаған. Бұл туралы Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды. Сенатордың айтуынша, елімізде 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар. Алайда олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді.
Сауда-ойын сауық орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден алыс болмауға тиіс. Өкінішке қарай, көптеген сауда орталығында балалардың ойын аумағы жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орны орналасқан. Онда тамақ пісіретін қуаты жоғары техника бар. Ол өрт қаупін арттырады, - деді Бибігүл Жексенбай.
Былтыр өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
«Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу фактілері мен құлыпталған немесе шынжырмен бекітілген апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіштердің болуы немесе олардың болмауы, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты фактілер анықталған. Осының бәрі бірыңғай заң талабының орындалмайтынын көрсетеді. Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілеті жоғары технологиялық өрт дабылының жүйесімен жабдықталуға тиіс. Бұл барлық адамды белгілі бір уақытта өрттің қаупінен қорғауға және сол арқылы эвакуациялауға мүмкіндік береді», - деді сенатор.
Сондай-ақ ол елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды.
Соңғы уақытта әлем елдері террористік актілермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан ірі халықаралық спорттық іс-шараларды сәтті өткізудің басты шартының бірі – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Биыл қыркүйекте Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Жарысқа әлемнің 100-ден аса елінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан аса турист келеді деген жоспар бар. Осындай ірі спорттық іс-шараны өткізу кезінде қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету үшін салада жинақталған шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыру және құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді, - деді Бибігүл Жексенбай.
Депутат Үкімет басшысын қауіпсіздік мәселесіне назар аударуға шақырды.
«Сауда орталықтарындағы кіреберіс пен жұрт көп жиналатын жерлерде күзетті күшейтудің, қызметкерлермен нұсқама жүргізудің, сондай-ақ эвакуацияны қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын қосымша тестілеу және жаттығу эвакуациясы мен ауызша хабарлаудың маңыздылығына назар аударуыңызды сұраймын. Сондай-ақ жазғы демалыс алдында мектептерде және жоғары оқу орындарында оқушылардың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздік бойынша арнайы оқу жаттығуларын өткізу қажет», - деді Бибігүл Жексенбай.