Ресей Қазақстаннан 100 мың тонна бензин сұрауы мүмкін – БАҚ
Энергетика министрінің кеңесшісі осы мәселеге қатысты пікір білдірді
Reuters агенттігі Ресей Федерациясының елімізден 100 мың тонна жанар-жағармай сұрауы мүмкін екенін жазды.
Ақпарат қысқа берілген. Онда «Қазақстан жақын арада Ресейге бензин беруі мүмкін. Алдағы уақытта Ресейде жанар-жағармай тапшылығы болуы ықтимал» деген мағынадағы мәтін жарияланған.
Сонымен бірге хабарда Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясовтың осы мәселеге қатысты пікірі шыққан. Онда ведомство өкілі жанар-жағармай жеткізу туралы Ресейден Қазақстанға ешқандай өтініш түспегенін айтқан.
Дәл қазір Ресейден Энергетика министрлігіне өтініш келген жоқ. Сондықтан бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, – деді ол.
Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары болса, «Украинаның ұшқышсыз ұшақтары Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдауды тоқтатпаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сол кезде Ресей Қазақстаннан көмек сұрауы ықтимал» деп жазып жатыр.