Әлия Жүсіпова: «Қазіргі бар мақсатымыз – Олимпиадаға жолдама алу»
Азия чемпионаты 1-4 мамыр аралығында Ташкентте өтеді
Шымкент қаласында Олимпиадаға дайындық штабының өкілдері көркем гимнастикадан ұлттық құраманың жаттығу жиынына қатысты. Команда үздігі Елжаңа Таниева Болгарияның астанасы – София қаласында өтетін кезекті Әлем кубогына дайындалды.
Ұлттық құраманың тағы бір гимнасшысы Айбота Ертайқызы София қаласында өткен халықаралық турнирден оралды. Өкінішке қарай, ол жерде кішігірім жарақат алған отандасымыз жарыс жолын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Алда – лицензиялық Азия чемпионаты. Бұл жарыс 1-4 мамыр аралығында Ташкентте өтеді. Онда Олимпиадаға бір жолдама сарапқа салынады.
Құрама команданың бас жаттықтырушысы Әлия Жүсіпованың айтуынша, Азия чемпионатында Жапония мен Қытай өкілдері Қазақстан гимнасшыларының басты қарсыласы болады.
Бұл додаға Елжаңа мен Айбота қатысады. Үмітіміз зор. Олимпиялық жолдама үшін аянбаймыз. Біздің қазіргі басты мақсатымыз – Олимпиадаға жолдама алу, – деді Әлия Жүсіпова.
Айта кетсек, қазір Әлия Жүсіпова бас жаттықтырушылықпен қатар, еліміздің гимнастика федерациясының басшылық тізгінін де ұстап отыр.