×

Футболда үлкен өзгерістер болады – Әділет Бәрменқұлов

Командалар азайып, қызықты және тартысты матчтар көбейеді

 Дастан Жұмабекұлы 01.06.2022 | 16:13
фото: prosports.kz

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов белгілі журналист Арманжан Байтасовтың YouTube арнасына берген сұхбатында  ел футболындағы ең маңызды деген проблемаларды шешудің жолдарын айтты.

Ол федерацияның мамандарды даярлау мәселесімен айналысып жатқанын, қазір жұмыс істеуге мамандардың 30 пайызға ғана дайын екенін айтты.

«Күзде клуб басшыларын жинап, басқарушылар курсын ашамыз. Оған барлығы да дайын. Клуб директорларымен кездесулер өткіздім. Оларды жаңа менеджментке үйретуіміз керек. Басқару жүйесін меңгермесе барлығы бекерге кетеді. Басқарушылардан бөлек менеджерлерді оқытамыз. Олардың да футболдағы рөлі маңызды. Футбол саласында қызмет ететін адамдардың барлығының біліктілігін арттыруымыз керек. Сапалы, білікті мамандар болмаса біз футболды қалай дамытамыз? Бұл ең өзекті мәселенің бірі. Ұзақ жылдарға арналған жоба болғандықтан қазір амалдын жоқтығынан уақытша шетелдік мамандарды шақырамыз», - деді ол.

Журналисттің «Жанкүйерлердің қызығушылығын қалай оятасыздар?», деген сұрағына ол: «Ең алдымен төрешілер мәселесін қайта қарастырамыз. Олардың жалақысы және біліктілік деңгейін арттыруды қолға алдық. Қазір төрешілер жетіспей жатыр. Демек, олардың сапасын ғана емес санын да күшейту қажет. Екіншіден, ішкі біріншілігіміз адам қызығып көрерліктей тартымды болуы тиіс. Ол үшін қазіргі жүйені өзгертеміз. 15 маусымда мен келесі жылғы чемпионаттың қалай болатынын жариялаймын. Командалар санын азайтып, бәсекесі тартысты болатын матчтардың санын көбейтемін. Сонымен қатар, инфроқұрылым мәселесін де айналып өтпейміз. Бұл өте маңызды шаруа. Демек, клубтарға қойылатын талаптар енді күшейе түседі», - деп жауап берді.

Әңгімеде футбол клубтарына бөлінетін қаржы мәселесі де айтылып қалды. Бұл туралы Әділет Бәрменқұлов жақын арада қай клубтың қанша ақша алатынын, кімнің қанша ақшаны жұмсағанын анықтайтынын, әзірше бұл мәселемен Мәдениет және спорт министрлігі айналысып жатқанын атап өтті.

«Дәл қазір біз осы ақпаратты сұрастырып министірлікке хабарластық. Ол жауабын дайындап жатыр. Сараптама жасап, кім қанша қаржы жұмсағанын анықтайтын боламыз. Сосын, бұл мәселені бір жақты етеміз. Егер шындығын айтатын болсам, орташа есеппен бір клубқа бір жылға 1 млрд теңге қаржы кетеді. Бірақ, сол клубтар қаржыны үнемдеп, тиімді жаратып жатыр ма деген ой келеді. Қазақстандағы клубтардағы қаржының 90 пайызы мемлекеттік бюджеттің қаржысы. Қалған 10 пайызы демеушілер мен жеке кәсіпкерлердің қаржысы. Біз осы пайыздық өлшемді көбейте беруіміз керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама