×

Су тасқыны: Петропавл қаласының әкімі шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Табиғи апат облыс орталығына қауіп төндіріп тұр

 Дастан Жұмабекұлы 09.04.2024 | 16:25
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысында қар еріп, елді мекендерге судың шайып кету қаупі төніп тұр. Облыс орталығына да табиғи апаттың қаупі бар. Осыған байланысты Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамадиев қала халқына шұғыл мәлімдеме жасап, тез арада барлық құжат пен керекті заттарды алып, қауіпсіз жерге көшуді сұрады.

Солтүстік Қазақстан облысында жағдай күн өткен сайын қиындап барады. Облыста төтенше жағдай жарияланды. Петропавл қаласына да су тасқыны қауіп төндіріп тұр. Қазір Сергеев су қоймасында су көтеріліп жатыр. 2017 жылғы жағдай қайталануы мүмкін. Бұл жолы су тасқыны алапат апат әкеледі деген әңгіме бар. Су тасқыны Петропавл қаласына келе жатыр. Сол себепті мен қала халқына тез арада барлық құжаттарын, ең бірінші кезекте керекті заттары мен үй жануарларын алып, жақын адамдардың үйлеріне немесе эвакуациялық пунктерге баруды сұраймын. Уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр, – деді ол.

Сонымен бірге қала әкімі су тасқынының алдын алуға барлық шараның қолданылып жатқанын жеткізді. Ол кешеден бері екі қолға бір күрек ұстап, құтқарушыларға көмектесіп жүрген қала халқына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты, Петропавл қаласының жекелеген учаскелерін қоса алғанда, 33 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр. Өңірге Төтенше жағдайлар министрі барып, жағдайды жеке бақылауында ұстайтынын айтып кетті.

Петропавлға Қарағанды мен Павлодар облыстары төтенше жағдайлар департаментінің топтары барды. Қазір 120-дан астам құтқарушы мен 70-ке жуық техника тасқын суға қарсы жұмысқа жұмылдырылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама