×

Қолым шығып кеткенде, байлап алып шықтым - КСРО-ның көкпардан 9 дүркін чемпионы

Айтуынша, қазіргі жастар намыс үшін емес, ақша үшін шабады

 Халық үні 05.04.2024 | 11:55

Ардагер шабандоз, КСРО-ның көкпардан 9 дүркін чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбілхан Дауылбай ұлттық ойын төңірегіндегі қызықтармен бөлісті. Айтуынша, кезінде намыс үшін өліп кетсе де жеңілмеуге тырысыпты, ал қазіргі көкпар шауып жүрген жастарда бәрі басқаша дейді.

Көкпаршының айтуынша, жігітке алдымен намыс керек. Ар-намыс болмаса, ежелгі ойынға кірудің қажеті жоқ. Сондай-ақ ол кезінде өзінің Түркістан облысындағы Төле би, Түлкібас аудандарында көкпар шапқандағы қызықтарын да еске алды.

Сол ауданға барып, жаппай көкпар шабамыз. Сонда «Сиқым», «Жаныс» деп руға бөлінеміз. Біз – Сиқымбыз. Сол шауып жатқан кезде құлап, менің білегім шығып кетті. Сөйтіп жатқанымда шалдар боқтайды. «Ей, қызталақ! Сиқым жеңіліп жатыр, сен жатырсың, қолды да әңгіме қыла ма, аяғы сынғанда қоржынға салып қойып шапқан, бұл не жатыс?!» деп ұрысқан. Сол мені әруақтандырып, көкпарға қайта кірдім. Мына білекті орнына ешкім салған жоқ, қатты қысып байлаттым. Сөйттім де қайта шаптым, – дейді Әбілхан Дауылбай.

Айтуынша, қазіргі жастар намыс үшін емес, ақша үшін шабады. Себебі ұлттық ойынға дүниеге талас кіріп кеткен.

Өткен жолы Шымкентте, сонымен қатар Арыста да үлкен көкпар болды. Шымкенттегі ойында біздегілердің бәрі жеңіліп қалды. Себебі ойларының бәрі – Арыстағы көкпар. Ертерек барып, дүние алу. Тастай салды да сол Арыстағы көкпарға кетті. Келгеннен кейін бәріне боқтап айттым. Қазіргілерде намыс жоқ, – дейді ардагер көкпаршы.

Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама