×

Жігіттерде намыс жоқ, жаппай көкпардан қызық қашты - ардагер шабандоз (ВИДЕО)

Ата салттың жолы да, жөні де бұзылды, - дейді ол

 Халық үні 05.04.2024 | 11:15

Көкпарға тігілетін салымды 50 мың теңгеден асырмау керек. Әйтпесе қазіргі шауып жүргендері дүние табудың жолы болып кетті. Мұндай пікірді КСРО-ның көкпардан 9 дүркін чемпионы, спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбілхан Дауылбай айтты. Ардагер шабандоз Ұлттық спорт қауымдастығы Youtube-арнасына берген сұхбатында қазіргі мен бұрынғы көкпарды салыстырып, біраз қыр-сырына тоқталды.

75 жастағы жаттықтырушы топтық көкпарды қолдап, ал жаппай көкпарға көңілі толмайтынын жасырмады. Айтуынша, қазір көкпарды кім тартқаны емес, кімнің аты шапқаны маңызды. Жастардың бір-бірінің тақымына қол салып, серкені жұлмалайтынына қапалы. Осылайша, ата салттың жолы да, жөні де бұзылды дейді.

Көкпарды жерден көтергеннен кейін, ана адамнан тартуы қазіргі жастардың бойынша адамгершілікке жатпайды екен. Анау бейнет қылып алып келе жатыр, оны қалай тартасың дейді. Біздің уақытымызда көкпарды әкесі баласынан, баласы әкесінің тақымынан жұлып алып тартатын. Тартпасаң, несі көкпар? Сосын жетеу дегенді тоқтату керек. Қазір біреу көкпарды алады, екіншісі жетектеп отырады, екі адам шабады көкпарды. Жетектегеніне «доля» береді, ұят қой, – деп қапаланды Әбілхан Дауылбай.

Сондай-ақ, ардагер шабандоздың айтуынша, қазір көкпар беру мақтанға айналған. Бұрындары таңнан кешке дейін 8-9 салым болса, қазір 60-70 салым. Бұдан бөлек, салымдардың құны 1 млн теңгеден асып жатады, бұл сұмдық дейді. Сондықтан ол салымдардың шекті бағасын 50 мың теңге деп бекіттіріп, содан асырмау қажет деген пайымда.

Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама