Табысы - 3 млн теңге: TikTok жұлдызына айналған түркістандық диқан шаруаларға кеңесін айтты
Былтыр ол 20 сотық жерден екі рет өнім алған
Түркістандық диқан Самат Сұлтанов өзінің шағын алқабында жұмыс істеп жүріп, әлеуметтік желі арқылы егіншілік туралы блог жүргізеді. Бүгінде ол Қазақстан қоғамына диқан-блогер ретінде белгілі. Шаруа жазбаларында көкөніс өсірудің жаңа технологиялары мен оны күтіп баптаудың қыр-сырын үйретеді.
«Мен өзімді танымал адаммын деп есептемеймін. Қарапайым шаруамын. Кейде жазғандарымды оқып агроном деп ойлайтындар бар. Негізі олай емес. Жекеге сұрақ жазатындар көп. Білгенімді айтамын. Кейін олардың жетістігін көргенде қуанамын. Білгенімді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын», - деді ол.
Самат Сұлтановтың екі гектардан астам суармалы алқабы бар. Шағын алқапта қияр мен қызанақ өсіреді. Жинаған өнімді көрші ауылдардағы базар мен дүкендерге апарып тапсырады.
Былтырдан бері ол жерді демалдырып жатырмын. Қосымша жер болмағаннан кейін ауыспалы егістік алқабын демалдырып отырмаса болмайды. Бұған дейін мақтадан бастап қауын, қарбыз егіп көрдім. Соңғы жылдары қияр мен қызанақ өсіруге тоқтадым. Шағын жылыжайда шаруашылығымды да қоса атқарамын, - деді ол.
Оның айтуынша, биыл өңірдегі шаруашалар бірқатар қиындықтарға тап болып отыр. Техника, жанар-жағармай, тұқым мен тыңайтқыштардың қымбаттауы кейбір шаруалардың жұмысын тоқтауына әкеліп соқты.
«Былтыр тынайтқышты 20% арзанға алсақ, биыл қымбат. Бұған қоса адамның еңбекақысы да құнсызданып барады. Диқандарға ауыр тиіп жатыр. Үкімет бағаны тұрақты ұстап тұра алмай отыр. Мүмкін қағаз жүзінде солай шығар, шын мәнінде олай емес. Себебі оның бірнеше факторы бар. Мысалы, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың алдында тұқым бағасы басқаша еді. Сол елдерден келетін болғандықтан, тыңайтқыш пен тұқымның бағасы шарықтап кетті», - деп қосты дихан.
Бұған қоса өңірдегі шаруалар үшін су мәселесі өткір болып отыр. Жауаптылар жыл сайын шаруаларға мол суды қажет етпейтін дақыл өсіруге кеңес бергенмен, мәселе онымен шешілмей жатыр.
«Су көлемі аз болғаннан кейін, оны пайдалануға шектеу қоюға тырысады. Мүмкіндік болса, көктемде суды көп қажет ететін дақыларды екпеуге шақырады. Бірақ олар айтты екен деп бәрі мақта егіп кетпейді ғой. Шаруалар үшін негізгі пайда - көкөністе. Диқандар ол ескертуге құлақ аса бермейді, өйткені бәрі пайда тауып, күнін көргісі келеді. Судан кішкене шектеулер болып жатады. Амалын тауып, тіршілігін жасап жатыр», - деді ол.
Диқан-блогер су тапшылығына қатысты мәселені қалай шешкенін айтып, тәжірибесімен бөлісті.
«Мен 6-7 жыл бұрын судан тапшылық көрдім. Алқабым ауылдың ең шетінде болған соң тамшылатып суғаруға көштім. Арықтың суына тәуелді болмадым. Жалпы, оны істеу оңай шаруа емес, қазір қымбаттап кетті. Тамшылатып суғару қондырғысының қарапайым түрін істегеннен күннің өзінде бір гектарына 300 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Ал шетелдің заманауи қондырғыламен істейтін болса одан көп ақша керек. Қазір ауылдағы шаруалар құдық қазып, мотор қойып жатыр», - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, қазақстандықтар отандық көкөністің бағасы шетелден импортталатын өнімге қарағанда қымбат деген сынды жиі айтады. Диқан мұның басты себебін түсіндірді.
«Мәселен Өзбекстанды алайық. Бізге қарағанда күні ыстық, шығыны да аз. Сондықтан өнімдері арзан. Себебі біздегі тұқым, тынайтқыш, көмір, су - бәрі қымбат. Бірақ Қазақстанның өнімі шетелдікіне қарағанда сапалы, нитраты жоқ. Үкімет бәрін дұрыс жолға қойса, Қазақстан өз халқын өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Егер әрбір қазақ ерінбей жұмыс істесе, Қазақстанның тек өзін асырап қоймай, өнімдерін шетелге экспорттайтын әлеуеті бар. Өйткені еліміздің әр өңірі жекелеген дақылдар мен көкөністерге қолайлы, жері құнарлы», - дейді ол.
Желіде танылған диқан еліміздің әрбір азаматы ауласында бау-бақша өсіріп, табыс таба алатынына сенімді. Былтыр ол 20 сотық жерден екі рет өнім алған.
«Бая-аяғы 20 тонна қияр жинадым. Биыл қызанақты көбейттім, бұйырса 10-15 тонна өнім аламын деген мақсат қойдым. Жалпы, бос, игерілмей жатқан жер көп. Ауылда арамшөп басып жатқан аулалар жетіп артылады. Жұмыссыз жүрген азаматтар сол жерлерді игерсе, адал ақша табуға болады. Былтыр шағын ғана жерден 3 млн теңге жуық ақша таптым. Кейбіреулер сол ақшаны табу үшін астанаға немесе басқа елге жұмыс іздеп (құрылыс) кетеді. Солай сандалып жүрмей, отбасының қасында жүріп табыс табуға болады», - деп қосты.
Самат Сұлтанов бір жазбасында шаруалардың қараусыз жүретін малдардан зардап шегіп отырғанын айтқан. Диқан бүгінгі әңгімесінде сол тақырыпқа қайта тоқталды.
«Ауылда адамдар малын өз бетімен жібере салуға үйренген. Егістік алқапта қой-ешкілер жайылып жүреді. Сол үшін жиі дау болады. Өткенде ғана әкімшілік бірнеше малдың иесіне айыппұл салды. Малды баққан соң, оған қарау да керек. Біреудің еңбегіне зиян келтірмеген жөн. Қазір сізбен сөйлесіп отырып, алқабымды күзетіп отырмын», - дейді ол.
Әлеуметтік желі арқылы танымал бола бастаған диқан-блогерге жарнама беруге ұсыныс түсе бастаған. Алайда, Самат Сұлтанов өзі тұтынбайтын өнімді жарнамаламайтынын айтты.