×

Ата-аналар баланың есірткі қолданған-қолданбағанын жылдам тексере алады – нарколог

Синтетикалық есірткі қолданған адамның 6 айдан кейін келбеті өзгереді

 Халық үні 29.03.2024 | 16:57

Табиғи есірткілерді қолданатын нашақорлардың қалған саналы өмірі бұған дейін 10-15 жыл болса, қазір бұл көрсеткіш 3-4 жылға төмендеді. Адам есірткінің әсерінен күйзеліске ұшырайды, жүрек немесе бауыр ауруы пайда болады. Шамадан тыс қолданған жағдайда адам қайтыс болуы мүмкін. Бұл туралы психиатр, нарколог-дәрігер Тоқтар Қойшыбеков «Халық үні» YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

Маманның сөзінше, синтетикалық есірткі қолданған адамның 6 айдан кейін сыртқы келбеті өзгеріп, дене салмағы азаяды. 1 айдың ішінде 10 келі тастауы мүмкін. Өйткені кахексияға ұшырайды, яғни адамның ағзасы сарқылады.

Сыртқы бейнесіне қарасаң, терісінің сапасы нашарлап, әр түрлі безеу шығып, шашы түседі, ерте қартайған адам сияқты болады. Бізге осылай қаусап, қиналып келген кезде оны өз қалпына келтіру өте қиын. Бізде оңалту орталықтары ашылып жатыр. Бірақ, олардың ішінде бір күн немесе бір ай емі өте қымбат, - дейді маман.

Тоқтар Қойшыбековтің айтуынша, синтетикалық есірткілердің көбінің емі жоқ. Өйткені бұл тікелей психикалық денсаулыққа әсер етеді. Сондықтан жүйке жүйесінің, әрі қарай психикасының бұзылуына апарады.

Адам екі-үш күн ұйықтамаса, міндетті түрде көз алдына қорқыныш елес көре бастайды. Мысалы, ұйқысы бұзылған кезде сандырақтап, өз-өзіне қол да жұмсауы мүмкін, - дейді ол.

Маманның айтуынша, Ресейде статистика бойынша жастар арасында жылына ең кемі 10 мың адам суицид жасайды.

БАЛАНЫҢ ЕСІРТКІ ҚОЛДАНҒАНЫН ҚАЛАЙ БІЛУГЕ БОЛАДЫ?

Ата-ана баланың есірткі қолданып жүргенінен қауіптенсе, медициналық талдау арқылы тексере алады. Дәріханаларда кең тараған сынама түрі бар, ол лезде анықтайды. Екі сызық шықса, теріс; бір сызықты көрсетсе, бала есірткі қолданды немесе қолданған деген сөз. 

Маманның сөзінше, сараптама оң нәтиже көрсетсе, міндетті түрде баланы психиатр-наркологқа апару керек. Себебі қазір бүкіл соматикалық емханаларда психотерапиялық орталық бар, олардың ішінде арнайы мамандар жұмыс істейді. Қажет десе олар баламен қайта әңгімелесіп, тест нәтижесін қайта алып отырады.

Қалалық психикалық денсаулық орталығында химиялық-токсикологиялық зертхана жұмыс істеп тұр. Ол жерде 1,5 мың есірткі, түрлі дәрі, допингті оп-оңай анықтап бере алады. Тек ол жерге баланы аз уақыт ішінде алып келу керек. Өйткені мұндай заттар сұйықтықта үш тәулік сақталады. Ал ағзаға әсері ауқымды болса, екі-үш аптаға дейін кетпейді. Сол үшін жасырмай, қорықпай баланы бірден алып келу керек, - дейді Тоқтар Қойшыбеков.

Оның сөзінше, қазір ата-аналар қорқынышқа бекер бой алдырады. «Баланы есепке алады», «қолданғанын жан-жаққа жариялайды», «ағайын-туыс, таныс-тамыр біліп қояды» деген қорқыныш бар. Ол – қате пікір. Дәрігерлік құпия бойынша ешкімге ешқандай ақпарат берілмейді.

«Ең алдымен баланы тексереміз. Әуелгі 1-2 рет қолданғанда түрлі эмоциялық өзгерістер пайда болады, бірақ тәуелділік болмайды, ол әлі нашақор емес», - дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама