×

«Наркологқа барсам, бірден учетқа қояды деп ойлайды»: Елімізде ішімдікке тәуелді 90 мың адам бар

Психотерапевт-дәрігер ішімдікке тәуелді азаматтармен жүргізілетін жұмыс, оларды емдеу жолдары туралы айтты

 Айгерім Таубай 30.03.2024 | 11:11
Фото: Depositphotos.com / Syda_Productions

Елімізде ішімдікке тәуелді азаматтар тізімінде 90 мыңнан аса қазақстандық тұр. Олар Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында ем қабылдай алады. Кейінгі жылдары елдің 15 өңірінде орталық ұсынған бағдарлама негізінде жұмыс істейтін оңалту орталықтары ашылған. Бұл туралы орталықтың психотерапевт-дәрігері Гүлнұр Атамбаева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты. 

– Гүлнұр Қуанышқызы, республика бойынша ішімдікке тәуелділердің статистикасы қандай? Ішінде балалар мен жасөспірімдер бар ма?

– 2024 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 90 496 адам ішімдікке тәуелді ретінде наркологиялық тізімде тұр. Балаларға келсек, 14 жастағы 8 бала мен 14-17 жас аралығындағы 108 жасөспірім бар.

Былтырғы көрсеткіштен қатты айырмашылық жоқ. 2023 жылы да шамамен 89-90 мың адам болды. Яғни, төмендеу де, көбею де тіркелмеді.

– Жылына қанша адам тізімнен шығарылып отырады?

– Республикалық орталыққа келетін науқастардың ішінде ішімдікке тәуелділік бойынша азаматтар аз келеді. Көп жағдайда есірткіге тәуелділік бойынша көмекке жүгінеді. Кейінгі уақытта құмар ойынға әуес болатындардың саны өсіп жатыр. Кейінгі жарты жылда ішімдікке тәуелді болу бойынша көмекке жүгінген науқастардың саны азайған.

– Ішімдікке тәуелді адамдарды анықтау жолы қандай?

– Отбасыда ішімдікке тәуелді адам болса, ол науқастың өз қалауымен орталыққа келуі – өте сирек кездесетін жағдай. Көп жағдайда науқастардың туыстары, ата-анасы, ұл-қызы, достары әкеледі. Бастапқыда кеңес алуға келеді. Соның барысында «науқастың бойында қандай белгілер бар», «оған қандай көмек қажет?» деген сұрақтарға жауап алынады. Ішімдікке тәуелді адам ішімдіктің мөлшері мен қай жерде ішіп отырғанын білмейді, қандай жағдай болып жатқанынан хабарсыз болады. Яғни, физикалық тәуелділік пайда болады. Науқас ішімдік ішпесе, жұмысқа бара алмайтын күйге түседі. Белсенділігі төмендеп, ұйқысы бұзылады. Физикалық және эмоционалдық тұрғыдан әртүрлі белгілер пайда болады.

Ішімдік ішіп жүрген адаммен әңгіме барысында «бұрын көп іштім, қазір мөлшері азайып кетті», «бұрын аз ішетінмін, қазір мөлшері көбейді» дейді. Бұл – ішімдікке толеранттылықтың өзгеруі.

Ішімдікке салынып, отбасынан айырылады, қарызға батады, үйінен кетіп қалатын жағдайлар кездеседі. Соған қарамастан ішуді тоқтатпау – ішімдікке тәуелді болудың бір белгісі.

Алдымен, адамның мінез-құлқы өзгереді. Ол да көзге көрініп тұрады. Бірге тұратын адамдар ашушаң болып, ұйқысы, тәбеті бұзылғанын байқайды. Тіпті терісінің өзгеріске ұшырағанын көреді.

Ішімдікке тәуелді болу адамның отбасы, жұмыс, ортасымен қарым-қатынасына әсер етеді. Ол адам жұмысқа жарамсыз болып, белсенділігі азаяды. Күнделікті істеп жүрген әрекеті қиынға түсе бастайды.

– Мұндай азаматтар орталыққа өзі жүгіне ме, әлде туыстары алып келе ме?

– Мұндай науқастар ешқашан «мен аурумын» деп айтпайды. Медицинада анозогнозия деген термин бар. Ол – науқас мәселе бар екенін көріп-біліп тұрса да, «мен сырқат емеспін» деп айту. Яғни, өзіне ешқандай көмек қажет жоқ деген позицияны ұстанады. Бұл – науқасқа көмек көрсетудегі бірінші кедергі.

Елімізде ішімдікті тұтынуға тыйым салынбаған. Әртүрлі іс-шараларда ішіледі. Басқа адамдарға қарап, «бәріне ішуге болады, неге маған ішпеске?» деген ой пайда болады.

– Ішімдікке тәуелді адамдарды қалай емдейді? Толық айығу үшін орта есеппен қанша уақыт кетеді?

– Орталықты алсақ, бағдарлама 1 жылға лайықталған. Емнің ең аз мерзімі – 2 ай. Емге келген азамат екі ай орталықта жатады, ақысыз негізде көмек алады. Екі ай аздық етсе, әрі қарай созуға болады. Неге бір жыл? Ішімдікке тәуелді адамдар тек қана физикалық жағынан ғана емес, психикалық жағынан да емдеуді қажет етеді. Қанша айда емделіп шығатынын әр адамның өзіне байланысты.

Біз науқасты емдеп шығармаймыз, оларға сау өмір сүру үшін көмек көрсетеміз. Ішімдікке тәуелділік – созылмалы ауру. Бұл ауру екі кезеңнен тұрады: аурудың асқынуы және аурудың сапалы түрде асқынбау кезеңі. Демек, емдеу азаматтың ішімдік ішпейтін уақытын ұзартуға бағытталады. Ол үшін азаматтарға нұсқаулық беріледі, осы жерден шыққаннан кейін сол бойынша режимін қалыптастырады.

Орталықтан шыққаннан кейін де мамандармен байланыста болады. Бірақ бұл шара ерікті, ешкімді мәжбүрлемейміз. Кей азамат екі айдан кейін емделуді жалғастырады, енді кейбірі өзін ауру санамайды, үйіне барған соң ішімдік тұтына береді.

– Емдеу тәсілі қандай?

– Орталық жұмысы үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – дәрі-дәрмек арқылы. Ол – көмек қажет ететін азаматтың ағзасын қалпына келтіру. Себебі азаматтар ауырып тұрған кезде көмекке жүгінеді. Денсаулығы 10-15 күн дәрігерлердің бақылауында болып, қалпына келтіріледі.

Екінші кезең – психологиялық, психотерапиялық көмек. Бұл жерде мамандармен жұмыс істейді. Бастапқыда науқастар топқа бөлінеді, әр топта 15-17 адамнан болады. Күнделікті 2 сағаттан 3-4 рет психолог, психотерапевт жұмыс істейді. Топтық жұмыстан басқа жеке кеңес алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл науқастың өз қалауы бойынша іске асады. Науқастарда бос уақыт болмайды.

Үшінші кезең – әлеуметтік оңалту. Бұл жерде алған білімді пайдаланады. Азаматтар өздеріне тамақ әзірлейді, тұрып жатқан жерді жинайды.

Кейбір азаматта құжат жоқ, енді кейбірі ай сайын арнайы органдарға барып белгіленіп отыруға тиіс. Мұндай жағдайда онлайн форматта белгіленуге көмектесеміз.

Тіркеуде тұрған азаматтардың жұмысқа тұруы барысында мәселе туындайтыны белгілі. Орталық бұл жағынан да көмек көрсетеді.

Айта кетері, қазір орталық ішімдікке тәуелділіктен емделіп шыққан адамның туыстарымен де жұмыс істейді. Ата-анасы, әйелі, ұл-қызына ақпарат беріледі. Орталықтан шыққаннан кейін ішімдікке тәуелді азаматпен бірге тұратын кісілер қателік жібермеуі керек. «Іштің» деп бетіне баспауын сұраймыз. Себебі ашуланып, қайта ішімдікке салынып кетуі мүмкін. Бұл да жаңадан енгізіліп жатқан бастама.

– Еліміздің қай өңірінде ішімдікке салыну бойынша статистика жоғары?

– Солтүстік Қазақсан облысында бірінші орында тұр. Статистика бойынша, өңірде ішімдікке салыну 100 мың адамға шаққанда 1 029 адам тізімде тұр. Одан кейін Абай облысы тұр, 100 мың адамға шаққанда – 927 адам; Павлодар өңірі – 886 науқас.

Шынайы ақпарат бұл статистикадан 2 есе көп болуы мүмкін. Азаматтар «наркологқа бару ұят», «психиатрға бару ұят» деген көзқарасты ұстанады. Тіпті кеңес алу да ұят деп қабылдайды. Жасөспірімдер ерте сатысында кеңес алса, алдын алуға болады.

Наркологқа барсам, бірден учетқа алады деп ойлайды. Соған байланысты жүргізуші куәлігімнен айырыламын, жұмысқа орналаса алмаймын деп қорқады. Себебі жұмысқа орналасу үшін арнайы анықтама қажет.

Ауыл-аймақта нарколог жоқ, көмекке жүгіну үшін қалаға бару қажет. Азаматтарда қайда жүгінуге болатыны туралы мағұлмат жоқ.

– Қазір республика бойынша осы бағытта қандай іс-шара, жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қазір орталық әлеуметтік желі арқылы көп ақпарат береді. Ал ауыл-аймақта учаскелік наркологтар бар. Сол мамандармен жұмыс істей бастадық, аймақтардан арнайы оқуға келетін болды. Бағдарламамен танысып жатыр.

Қазақстанның өңірлерінде оңалту орталықтары жоқтың-қасы. Көп жерде мәжбүрлеп емдеу орталықтары жұмыс істейді. Ол да науқастарды емделуге келмеуге итермелейді.

Біздің бағдарлама бойынша еліміздің 15 өңірінде медициналық-әлеуметтік орталық ашылып жатыр.

– Гүлнұр Қуанышқызы, толыққанды ақпарат бергеніңіз үшін рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама