Депутат Дариға Назарбаеваның букмекерлік кеңсемен қалай «күрескенін» есіне алды

Дәурен Ерболат

Депутат заңды түрде жұмыс істеп жатқан букмекерлік кеңсе құрылтайшыларының атын жариялауды ұсынды

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның букмекерлік кеңсемен қалай «күрескенін» есіне алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілісте «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасы таныстырылды.

Бүкіл ел, халық болып лудоманиямен күресуге неге шамамамыз жетпей жатқанына таңғаламын. Осыдан 7-8 жыл бұрын біз O... деген букмекерлік кеңсенің быт-шытын шығардық. Қазақстанда тоз-тоз болып шықты. (Букмекерлік кеңсенің) алды АҚШ-қа кетті. Сол кезде олардың өкілдері маған, «Дат» газетіне хабарласты. Мен оларға «Мұның артында кім тұр?» деп сұрақ қойдым. Олар маған «Дариға Назарбаева» деп жауап берді. Қазір мен осылай деп нақты айта алмаймын. Олардың берген ақпараты осындай болды. Мұны ақпараттық тұрғыда айтып отырмын, - деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ депутат заңды түрде жұмыс істеп жатқан букмекерлік кеңсе құрылтайшыларының атын жариялауды ұсынды.

«Енді лицензиясы бар (букмекерлік) кеңселер құрылтайшыларының деректерін жариялай аламыз ба? Кәдімгі ашық ақпаратта әрбір ата-ана өзінің қарызға батқан, кіріптар болған ұлына кім кінәлі екенін біліп жүрсе. (Букмекерлік) кеңсенің адамы көшеде жүре алмайтын, ұялып, кірерге тесік таба алмай жүретін болса. Сондай мүмкіндік бізде бар ма? (Букмекерлік кеңсенің) құрылтайшысын жариялай аламыз ба?» - деді ол.

Жиында Әділет министрлігінің өкілі бұл заңға қайшы екенін, қазақстандықтардың жеке деректерін жариялауға болмайтынын атап өтті.