Ішімдікке тәуелділік: психолог маскүнемдіктің әкеден балаға қалай «жұғатынын» түсіндірді
Ресми дерек бойынша, елімізде 91 мың адам маскүнемдер есебінде тіркеуде тұр
Тәуелділік балаға тәлім-тәрбие, ата-ананың көрсетіп істейтін жаман әдеттері арқылы да беріледі. Ол үшін ата-анасының міндетті түрде маскүнем болуы шарт емес. Бәрі қарапайым тұрмыстық деңгейдегі тәлім-тәрбиеден туындайды. Бұл туралы елордадағы психологиялық көмек орталығының директоры Дмитрий Гармаш айтып берді.
«Айталық, баланың әкесі ойынқұмар болса, баласы оның бәрін көріп отырады. Әкесінің ондай ойындарға деген қарым-қатынасы қалай екенін көріп, сезіп отырады. Сөйтіп, оның бәрін әкесінен көріп жүрген соң бұл қалыпты жағдай екен деген ойға келеді. Одан соң үйде тұрған теледидарды алып шығып, ломбардқа өткізіп, соны қайта ойынға салу да баланың көз алдында өтіп жатады. Ал бала – әкесінің көшірмесі, себебі содан көргенін істейді. Сондықтан "қанмен берілу" дегеніміз осылай тәлім-тәрбие жағынан келеді», - дейді сарапшы.
Маманның сөзінше, бұған қоса, басқа да жайттарды мысалға келтіруге болады. Мәселен, ата-анасы балаларының көз алдында ішімдік ішеді. Той, мерекеде болсын, басқа болсын, шампан, шараптан бастап, дастарханға түрлі алкоголь қойылады. Бала үйде оны да көріп отырады. Сөйтіп, оны да санасына қалыпты жағдай деп сіңіреді. Ақыр соңында ойын ойнауға, ішімдік ішуге болады деген түсінікпен өседі және өскенде 100% ішеді де, ойнайды да.
Айта кету керек, Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің мәлімдеуінше, елімізде 109 мың адам психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозымен динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде 18 мыңы есірткі және психотроптық заттарға тәуелділер болса, 91 мың адам ішімдікке салынған.
Маған бір адам статистикадағының бәрін беске көбейтіп қабылдау керек екенін, сол әлдеқайда дұрыс дерек болатынын айтып еді. Өйткені, мемлекеттік мекемелерге адам аз келеді. Онда да өмірінде қиын жағдайға тап болғанда ғана бас сұғуға мәжбүр болады. Ал есепке алынбаған, тіркелмеген қаншама маскүнем, нашақор бар, өте көп, - дейді Дмитрий Гармаш.