Нартай Сәрсенғалиев министрден утильалым үшін төлем нақты қашан азаятынын сұрады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утилизациялық алымды азайту мәселесіне қатысты қойылған сұрақты жауапсыз қалдырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев елімізде утальалым мен алғашқы тіркеу алымы әлі азаймағанын атап өтті.
«Қазір көптеген қазақстандық осы мәселеге алаңдап, талай жерде бастама көтеріп, мәселенің шешілуін талап етіп отыр. Бұл туралы депутаттық сауал жолданды. Содан кейін бірқатар депутатпен арнайы дөңгелек үстел өткіздік. Онда ішкі істер министрлігі, қаржы, ауыл шаруашылығы, экология, ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері осы төлемдердің азаюына қарсы емес екенін білдірді. Тек сізге қарасты министрліктің комитет өкілі «Бұл төлемдер қажет. Олар осы күйінде сақталуы керек» деп қалды. Одан біз – депутаттар «Нақты қандай себептер бойынша сақталуы керек?» деп сауал жолдап, ресми жауабын 7 күнде беруін сұрадық. Өткен аптаның сейсенбісінде бұл уақыт өтті. Министрліктен бірде-бір хат та, ресми жауап та алған жоқпыз», - деді депутат.
Депутат утильалым үшін төлем нақты қашан азаятынын сұрады.
Бұл төлемдердің төмендеуіне неге қарсысыздар? Қандай негіздемелер бар? Неге министрлік жауап беруден бас тартып отыр? Неге халықпен ашық, түсінікті тілде диалог жүргізбейсіздер? Бұл төлемдер ауыл шаруашылығы техникасы мен жеңіл көліктерге қатысты, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты депутаттың сұрағын жауапсыз қалдырып, оған кейін нақты жауап беретінін айтты.
Біріншіден, бұл сұрақтың бүгін талқыланатын мәселеге еш қатысы жоқ. Екіншіден, мен сізге нақты жауап беремін. Алайда сіздің сұрағыңыз бүгінгі жалпы отырыстың тақырыбына қатысы жоқ. Сондықтан сізбен жеке кездесіп, жауап берейін, - деді министр.
Мәжіліс отырысынан шыққан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев журналистерге Қазақстанда утильалымы өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазіргі таңда утилизациялық алымға қатысты ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Мен – Өнеркәсіп және құрылыс министрімін. Менің жұмысым, кәсіпорындарды дамыту және олардың қуатын арттыру, - деді Қанат Шарлапаев Мәжілістің жалпы отырысыран соң.
Оның айтуынша, елімізде көлік өндірісі дамып жатыр. Сондықтан ішкі нарықты қорғау керек.
«Қазір Қазақстанда 2 көлік зауытын салып жатырмыз. Көлік өндірісі саласында қаншама адам жұмыс істейді. Қазіргі текетірес неге байланысты? KIA көліктерін шығаратын зауытты 2025 жылдың ортасында салуды аяқтаймыз. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіруге жететін тағы бір зауытты салып жатырмыз. Ондағы жұмыс орнын кім сақтайды? Мен депутаттарға осы сұрақты қойғанмын. Сіз көліктің бағасын басқа елдермен салыстырыңызшы. Түркияда және тағы басқа елдерде көліктің бағасы (елімізбен салыстырғарғанда) жоғары немесе тең. Сондықтан Қазақстандағы зауыттардың жұмысын қамтамасыз ету үшін және жаңа жұмыс орындарының сақталуы үшін бізге протекционизм жасауымыз керек деп ойлаймын», - деді министр.