Halyq Uni логотип
×

«Кем дегенде 4 психолог болуы қажет»: Жоғары оқу орындары нашақорлықпен қалай күресіп жатыр?

Әр жоғары оқу орнында жастар департаменті жұмыс істейді

 Айгерім Таубай 21.03.2024 | 17:44
«Кем дегенде 4 психолог болуы қажет»: Жоғары оқу орындары нашақорлықпен қалай күресіп жатыр?
Фото: Halyq Uni

Елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18 329 адам есірткіге байланысты есепке алынған. Ғылым және жоғары білім министрлігі нашақорлықпен күреске қатысты ведомство атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Ғылым және жоғары білім министрлігінің, жоғары оқу орындарының негізгі міндеті – нашақорлықтың алдын алу шараларын жүргізу. Себебі қандай да бір есірткіге қатысты бар азаматтың 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны белгілі. Азаматтардың темір торға тоғытылмауы үшін университеттердің алдында тұрған негізгі міндет – нашақорлықтың салдырымен емес, оның алдың алу бағытында жұмыс істеу. Еліміздің әр жерінен саналы жастар жоғары білім алу үшін үлкен қалаға келеді. Жастарға бағыт-бағдар беретін жастар департаменті әр жоғары оқу орнында жұмыс істеп тұр. Осы бағытқа жауапты ректордың орынбасары да бар», - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Маманның айтуынша, ғылым және жоғары білім министрлігі бес бағытта жұмыс істеп жатыр.

Университеттер алдымен жастарға құқықтық тұрғыдан ақпарат береді. Жоғары оқу орындарының әр өңірде орналасқаны белгілі. Жергілікті өңірлерде құқық қорғау органдарының, ішкі істер министрлігі департаменттерімен бірлесіп, іс-шаралар мен жатақханаларда тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Әлеуметтік желіден итпен жатақханаға кіріп, мониторинг жүргізетінін көріп жүрсіздер. Былтыр жоғары оқу орындарында осы бағытта 500-ге жуық іс-шара, жұмыстар жүргізілді, - дейді Ақерке Абылайхан.

Сондай-ақ ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әрбір жоғары оқу орнында жастарға психологиялық көмек көрсету үшін мамандардың санын арттыруға қатысты тапсырма берген. Арнайы бұйрық қабылданып, университетте кем дегенде 4 психолог жұмыс істеуі қажет деп бекітілген.

«Студенттердің саны көп, ең аз дегенде 4 психолог жұмыс істеуі қажет. Тіпті одан да көп болуы керек. Жастардан сауалнама алып, ақпараттық жұмысты күшейту бағытында жұмыс істейді. Осы бағытта жастар ұйымдары да белсенді түрде қатысады», - дейді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары.

«Есірткісіз болашақ» қорының басшысы Жандос Ақтаевтың айтуынша, нашарқорлықпен тек мемлекеттік органдар ғана емес, барлық азамат белсенді түрде атсалысуы керек.

Қазір атқарылып жатқан жұмыс осы «індетпен» күресуге жетпей жатыр. Нашақорлықпен күреске қатысты жұмысты көбейту қажет, себебі ол халық арасында көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр. Ресми мәлімет бойынша 18 мың адам есіркіге тәуелді. Алайда бұл ресми статистика. Тәуелсіз зерттеулер әрбір жас бес азаматтың бірі синтетикалық есірткі қолданып көрген деген қорытынды жасаған. Оның бір қолданғаннан өзіне тәуелді ететіні белгілі, - дейді Жандос Ақтаев.

Ол мұндай жағдайға кімнің кінәлі екенін дөп басып айту мүмкін емес екенін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама