Қытайда Қабанбай батырдың ескерткіші қиратылды (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Қазақтың тарихына құрметпен қарамайды

коллаж: Halyq Uni

Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автономиялы облысы, Тоғызтарау ауданының, Көлденең жайлауының ең биік шоқысында Қубас тұлпарға мініп, қаратамақ найзасы көктіреген Қабанбай батырдың талай жыл тұрған ескерткіші қиратылды.  

Бұл туралы Ермек Кәрімбекұлы есімді азаматтың YouTube арнасындағы бейнежазбасында жарияланды.

Қытай билігінің баһадүр бабаның мүсінінің аяқасты етіп, қиратқанын басқа да әлеуметтік желіні қолданушылар жазып жатыр. Оларға өз ойларын айтып, пікір қалдырып жатқандар да бар. Мысалы, Еркебұлан Мыңбай-Саразбанов есімді азамат Қаракерей Қабанбай батырдың (шын аты-жөні – Қабанбай Қожағұлұлы, азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл,  - ред.) Ойрат хандығын құлату кезінде Жоңғарияның ішкі аудандарына дейін барып, астанасына құпия кіріп, қытайшыл нояндарды өлтіргенін, сөйтіп, Шығыс Түркістанның басы бүтін Цин империясына қосылуына кедергі келтіргенін, қытайларға ол жерді Қазақ хандығымен бөлісуге мәжбүрлегенін жазған.

Қытайлар Қабанбай батырға шабуылдарынан қорқып, жеңіле берген соң, біржолата Алтай өлкесін қазақтарға беруге мәжбүр болды. Сол үшін ол - қытайға жау адам. Оларға ренжігенше, Қабанбай батырға Қытаймен шекараға таяу жерде, өзімізде жақсылап тұрып ескерткіш соқса дұрыс болар еді, – деген ойын айтқан.

Бұдан басқа да азаматтар Қаракерей Қабанбай батырдың мүсінін құлатып, қиратқандарды сынап жазған. Олар қытай тарапынан қазақтың тарихына сыйластықтың о бастан бері болмағанын, қазір тіптен де құрметпен қарамайтынын ескерткен.

Қаракерей Қабанбай батыр — талантты қолбасшы. Абылай ханның заманындағы атақты батыр болған қазақтың қайталанбас тұлғаларының бірі. Оны 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз  деп те атаған. Ол 1692 жылы  қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы сонда дүние салған. 

Қабанбай батырдың беделінің қандай болғанын мына деректен де көруге болады. Қытай жазбаларына ол 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы, яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ірі тұлғасы ретінде аталған.