23 наурыз – Тазалық күні
Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде етіп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Осы орайда Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова тазару күнінің экологиялық мәдениет қалыптастыруға ықпалы жөнінде пікір білдірді. Экологтың айтуынша, экологиялық сананы қалыптастыру қоғамның басты құндылығы болуға тиіс.
«Экологиялық мәдениет – табиғи ортаға деген саналы қарым-қатынас дегенді білдіреді. Экологиялық мәдениетті дамыту деп билік партиясының бағдарламасында да, Президент жолдауында да бірнеше рет көтерілді. Экологиялық мәдениет тек қана халықтан ғана талап ететін дүние емес. Мемлекеттік органдардың, экология министрлігінің, әкімшіліктердің, үздіксіз жүргізіп жатқан жұмыстары мен медиа өкілдерінің таратып жатқан ақпаратының негізінде пайда болатын мәдениет. Кезінде алты ай бойы ақпараттандыру жұмыстарын тоқтатып қойған тәжірибе болғанда, тіпті дамыған Еуропаның өзінде жағалауда қоқыс тастау көбейе бастаған. Сондықтан мемлекеттік органдар экологияға бөлінген қаржыны орынды жұмсамай, халықтың экологиялық мәдениеті төмен деп айтуға болмайды», - дейді Лаура Мәлікова.
Сонымен қатар сарапшы үлкен мегаполистерге ортақ экологиялық мәселелерді атады. Оның айтуынша, әсіресе, көмірді жылыту мақсатында пайдалану ауаның ластануын тудыратын зиянды факторлардың біріне айналып отыр.
«Соңғы жылдары урбанизацияны күшейту тәжірибесі дұрыс болған жоқ. Себебі Қазақстан әлемдегі территориясы жағынан тоғызыншы орындағы ел болғандықтан, халықты өңірлерден қалаға көшіру емес, керісінше өңірлерді дамытуға назар аударуы керек еді. Президент деңгейінде айтылып жүрген аймақтарды дамыту бағдарламасын орынды деп білемін. Биыл «Отбасы банкі» де ипотекалық қаржыны өңірлерге бөліп жатыр. Себебі біз алып территорияда урбанизация жасайтын болсақ, ол ұлттық қауіпсіздік мәселесіне алып келуі мүмкін. Бірінші кезекте, аймақтарды дамыту қажет. Ал миллионнан астам халық тұратын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ортақ экологиялық мәселелер бар. Мәселен, Астана мен Алматыда әлі де жылу қазандықтары үшін көмір жағылады. Сапасы төмен Екібастұз көмірі қолданылады. Ауаны ластайтын зиянды заттары мен күлі көп. Мәселен, Алматының ЖЭС маңында күл жинайтын орын қалмаған. Осының барлығы ауа сапасына кері әсерін тигізіп отыр», - деп түсіндірді ол.
Маманның пікірінше, бұл жағдай Қазақстанда тыныс алу жүйесі ауруларының таралуына апарып соғып отыр.
«Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес тыныс алу жолдарымен ауыратын адамдардың үлесі Қазақстанда алдыңғы орында. Орталық өңірлерде көмірден газға көшу ісін жеделдету өте маңызды. Сондай-ақ, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Петропавл қалаларына да тән мәселе. Сау халықты ауру етіп, денсаулығына миллиардтаған қаржы бөлгенше, тиімді тәсілге жүгінуі керек. Астанада газға көше бастағалы бері ауа сапасы 2017 жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын көріп отырмыз», - дейді Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы.
Сарапшы қазір Астана мен Алматыдағы қоқыс шығару процесінің реттелмей отырғандығын атап өтті. Айтуынша, бұған оператор РОП-тың жеке меншіктен мемлекет меншігіне өтуі себеп. Соның салдарынан 2 жыл қатарынан қоқысты кәдеге жаратып отырған кәсіпорындарға қолдау төлемдері жасалынбаған.
Мемлекеттік оператор – «Жасыл даму» осы бағытта 2 жыл бойы ешқандай төлем төлемей, банкроттық жағдайға жеткізді. Қалдық жинайтын компанияға прокуратура іс ашып, тарифін жоғары қойған деп олардың жұмысын тоқтатып отыр, - дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Айта кетелік, Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.
Наурызнама онкүндігі: