Ал ол әуестік 2-3 жастан басталады
Елімізде лудоманияны емдеумен айналысатын орталықтар көп емес. Алайда мамандар жыл сайын осы психикалық дертке шалдығушылар қатарының тым артып келе жатқанын айтып келе жатыр. Оны психологиялық көмек орталықтарына жүгінетіндер қатарының жиілеуінен байқауға да болады. Бүгінде енді бұл аурудың оқушылар арасында да жиілегенін айта бастады. Біз бұл мәселе жөнінде елорададағы емдеу орталығының директоры Дмитрий Гармашпен сұхбат құрдық.
Дмитрий Владимирович, елімізде кәмелетке толмаған балалар арасында лудоманияға шалдыққандар қатары қаншалық көп? Нақты мәліметін білмесек те шамалап айта аламыз ба?
Оған мынадай мысалмен жауап бергім келеді. Осы Астанадағы бір мектепке барғанбыз. Сонда 9-11 сынып аралығындағы оқушылар категориясын жинап, соларға тренинг өткіздік. Араларында кім компьютерлік ойындарды белсенді түрде ойнайды деп сұрағанымызда, балалардың 90%-ы қол көтерді. Бұл бір мектептің бүкіл 9-11 сынып оқушылары, қаншалықты көп екенін байқап та отырған боларсыз.
Бала неғұрлым компьютерлік ойындарды көп ойнайтын болса, бұл оның кейін біртіндеп құмар ойындарға әуес болатынының белгісі. Өйткені, балалар әлеуметтік ортаға араласпайды, олар негізінен мектеп пен үй арасында қалып қояды. Үйде сол уақытының көбін компьютерде ойнап отырып өткізеді. Соның кесірінен әлеуметтік ортаға бейімделе алмай қалады да виртуалды әлемге еніп кетеді.
Виртуалды әлемге қалай өтіп кетеді? Сол жағын тарқатып айтсаңыз...
Мәселен, F-63 деген диагноз бар. Оны ересек жастағы мінез-құлықтың бұзылуы дейді. Мінез-құлық бала кезден бастап өзгереді. Мысалы, бала ойынды азайта бастайды. Одан ешқандай қауіп жоқ. Ал бұл қасиет белең ала бастаса, айталық, жарты жыл не бір жылдан кейін уақытың көбін компьютер алдында өткізе бастаса, бала сыртқы шығып ойнауды доғарады. Тіпті, қарапайым, мектепке де бармай қалады. Сөйтіп, өзінің виртуалды әлеміне түседі. Одан соң бұл эмоциялар оған жетіспейтіндей болып бастайды. Соның арты ол жайлап ақшамен ойнауға көшеді. Ақша оның эмоционалдық шабытын арттырады. Ұтқан кезде ерекше сезімге бөленіп, «өмір деген осы екен ғой» деген қиялға ұшырайды, яғни, «ақшаны жұмыс істемей-ақ, осылай да тапса болады екен ғой» деген ойдың жетегіне түседі. Балалар өзі аңғал ғой, осы қауіпке қалай душар болғанын білмей қалады.
Осыдан бес жыл бұрынғы статистика мен биылғы мәліметті салыстырсаңыз, содан-ақ көруге болады. Ойынқұмарлыққа салынғандар тым артып кетті. Оның бәрінің басында осы айтылған жайттар жатыр.
Сіздердің орталықта ем қабылдап жүрген кәмелетке толмаған балалар бар ма? Олар жалпы ем қабылдаушылардың қанша пайызын құрайды?
Кәмелетке толмаған балалар бізде амбулаториялық ем қабылдайды. Олар психологқа келіп, жекелей жұмыс істейді. Егер өзге қалада тұратын болса, ем-дом онлайн жүреді. Сонымен қатар, оффлайн да емделе береді.
Нақты санын айта алмаймын, бірақ өте көп. Хабарласатындар да тым көп.
Ата-аналар әдетте қай кезде хабарласады? Маңызды футбол матчтарынан кейін қоңырау шалатындар көбейеді деген рас па?
Бұл жерде түрлі жағдай бар. Мысалы, ата-аналар әбден кеш болғанда, бала патологияға түскенде барып хабарласады.
Оның үстіне, мына жағдайға назар аудартқым келеді. Ата-аналар нашақорлық пен маскүнемдікті естігенде, балам осындай болмаса екен деп іштей маза қашады. Өйткені, олар оның қаншалықты қауіпті екенін көзбен көріп отыр. Ал «ойын» сөзі онша қауіпті естілмейді. Бала кішкентайынан үйде, көшеде – әр жерде ойнап өсіп келеді. Сол себепті, «ойын» сөзі онша қауіпті емес секілді. Ал ойынқұмарлық жағдайына тап болса, оған да мән бермей, есейген соң ақылы кіріп, қояр деген ұстанымда жүреді. Сөйтіп жүргенде жағдай әбден ушығып кеткенде ғана бізге келеді.
Баланың лудоманияға шалдыққанын қандай белгілерінен білуге болады? Ата-ана қандай белгілеріне назар аудару керек?
Бала 3-4 жаста деп алайық. Аяқтың астына шалдыға бермес үшін немесе мазасын ала бермесін деп ата-аналары қолына «мультфильм қара, ойна» деп телефон не планшет ұстатып қояды. Қазір бізге балаларын алып-келетін ата-аналардың айтқанына қарасақ, қолы тимей жатқанда баланың қолына «сурет сал» деп дәптер-қалам емес, телефон беріп отырған. Демек, бала сол кезден бастап әуестенген. Іші пысса, телефон сұрайтын хәлге жетеді.
Мысалы, біздің орталықтың өзінде ойыншық жетеді. Ал да ойнай бер. Жоқ, ол емес, балаға компьютер қызық. Соның өзі-ақ көрсетіп тұр, яғни баланы 2-3 жастан бастап телефонға таңып қойған дұрыс емес. Оның орнына түрлі ойыншық, құрастырмалы ойыншықтар ұстатып, дамуына, жетілуіне жағдай жасау керек. Сыртқа алып шығып, бірге көп серуендесін. Сол арқылы баланы әлеуметтік ортаға бейімдей түседі.
Ал 6-7-8 жастарға жеткенде спортқа берсін. Ол баланы тәртіпке үйретеді. Қазір ата-аналар жаттықтырушысы қатал, ұрады деп баланы спортқа бермейді. Бірақ ер балаға сол керек, олар солай өсу керек. Төбелесіп те тұрады. Соның бәрі оның жігіт болып қалыптасуына ықпал етеді. Мұндай конфликттер ер адамды мығымдай түседі.
Сіздерге келетіндердің қарызы орта есеппен қанша? Ересектерді қоса алғанда, ең үлкен қарызы қаншаға дейін барады?
Ол әр түрлі. Бір отбастары үшін 2 миллион теңгенің өзі үлкен қаражат. Осынша несие алса, өте көп ақша деп саналады. Басқа бір отбастары үшін өте көп ақша дегені 300 миллион теңгеге дейін барады. Әрқайсының өз шыңы бар. Бірақ бұл жерде мәселе ақшада емес, адамның эмоциясында. Ауруы асқынған сайын оған суицид туралы ой келе бастайды. Сол себепті де онда ақшаның көлемі маңызды емес.
Ойынқұмарлардың қанша пайызы ақыр соңында суицидке барады?
Олардың арасында суицид көп екені белгілі, шамамен 50%-ы өз-өзіне қол салады. Өйткені, қарызға кіріп қалған, отбасындағы жанжал, жұмысы жүрмеуі – бәрі қосылып келгенде ойынқұмарды алдымен осындай ойға жетелейді. Бізге хабарласқан адамдарда өзіне қол жұмсау талпынысы болған немесе жиі ой туып жүрген. Осындай тығырыққа тірелген соң бізге көмек сұрап келеді. Келмейтіндері де бар, себебі емге сенбейді.
Денсаулық сақтау министрілігі бекіткен арнайы емдеу әдістемесі жоқ қой?..
Иә, ондай ресми бекітілген бағдарламасы жоқ. Бұл жерде негізінен диагнозы адамның мінез-құлқына байланысты қойылады және оны дәрімен емдемейді. Сондықтан министрлік бұл жерде қауқарсыз. Былайғы науқастарды емдеу хаттамасы болады. Ал бұл жерде әрқайсына мінез-құлқына, жасына, отбасындағы жағдайына қарай жеке-жеке қарау керек.
Профилактикалық мақсатта мектептерде лудоманияның зиянын түсіндіретін шара бастайын деп жатыр екенсіздер. Бұл не үшін керек болды?
Бұл шараның біздің ем-домымызбен еш қатысы жоқ. Мұндай шараны тұрақты өткізіп келеміз. Мектептерде дәріс оқимыз. Әр түрлі мекемелер шақырады. Сонымен бірге, әскери мекемелер де шақырып, әскерилер ойынқұмарлық, маскүнемдік, нашақорлық тақырыбында дәріс тыңдайды. Мұның бәрі алдын алу үшін жасалып жатыр.