Ауылда түсіндіру жұмысын жүргізу керек – министр қыз алып қашу туралы
Ол – ауыр қылмыс
Елімізде қыз алып қашу дерегі жиі тіркелмейді. Алайда ауылда түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Анас Баққожаев қазақта қыз алып қашу дәстүрі болмағанын атап өтті.
90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Қазақстанда экономикалық жағдай қиын болған. Сол уақытта қызды алып қашу деген бір үдеріс пайда болды. Оны көбі қазақтың дәстүрі деп шатастырды. Қазақ – құда түсіп, жөн-жоралғысын дұрыс орындайтын халық. Бірақ экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты 90-жылдары ондай жағдай болды. Мен қателесетін де шығармын. Қазір қыз алып қашу фактілері жоқтың қасы деуге болады. Себебі дамыған, өркениетті елміз. Батыс мемлекеттеріне теңесеміз деп отырмыз. Бірақ уикипедияға қараңызшы. Онда қызды ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бір деңгейде тұр, - деді ол.
Сондай-ақ депутат Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сұрақ қойды.
«Қызды алып қашуға тоқталайын. Мұның адам ұрлығына да қатысы бар ма? Қызды алып қашу статистикасы қандай? Егер ол жоққа жақын болса, онда уикипедияға ресми түрде жазып, Қазақстанды сол мемлекеттің қатарынан алып тастауды ұсынасыз ба?» - деді Анас Баққожаев.
Министр Қазақстанда қыз алып қашу қылмысы жиі тіркелмейтінін алға тартып, бірақ бұл қылмысты жас жігіттер жасайтынын меңзеді.
Бүгінде ондай қылмыстар көп тіркеліп жатыр деп айта алмаймыз. Былтыр 1-2 факті тіркелді. Оның бәрін анықтадық. Ауылда түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Жастықпен кейбіреулері істеп қояды. Біз қылмыстық іс шеңберінде оны көрдік.
Бұрынғыдай емес, қазір халқымыз да өзгеріп келеді. Енді интернет кеңістігі бар ғой. Қыз ұрлау Қылмыстық кодекс бойынша адам ұрлау қылмысына жатқызылады. Ол – ауыр қылмыс. Елімізді Эфиопиямен салыстырған дегенді бірінші рет естіп отырмын. Мәселені талқылайық», - деді Ержан Сәденов.