Абзал Құспан қолданыстағы Елтаңба авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруды ұсынды
Бүгін Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында депутат Абзал Құспан халық қалаулылары атынан премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елтаңбаны өзгерту туралы ұсынысына қатысты ой-пікірін білдірді. Мәжіліс депутаты президенттің Ұлттық құрылтайда еліміздің қазіргі қолданыстағы Елтаңбасын өзгерту туралы идеясымен толық келісетінін, өйткені ол Кеңес заманындағы мемлекеттік рәмізге қатты ұқсайтынын атап өтті.
Ұлттық Құрылтай – іргелі елдік мәселелер ортаға салынатын, идеологиялық бағдарымыз талқыланатын алқалы алаң. Осыған орай күні кеше Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ұлт өміріне қатысты көптеген маңызды мәселемен қатар, елдігіміздің айшықты белгісі – герб мәселесінің де көтерілуі орынды. Бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл – заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі. Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей-жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады, – деді ол.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет Елтаңбасы сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді. Ал кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген.
Бұл ретте біздің халқымыздың тарихы да елдік нышандар бедерлеу тәжірибесіне бай. Тамырын сақ, ғұн, түрік қағанаты заманынан тартатын таңбаларымыз – жалпы Елтаңбаның түпатасы деуге толық негіз бар. Бабаларымыз құрған көшпелі өркениет өнімі – таңба жасау дәстүрі Ғұндар арқылы Еуропа елдеріне таралған деуге болады. Сондықтан тарихы терең таңба жасау тәжірибемізді ел гербін жетілдіру ісіне пайдаланудың маңызы зор.
Одан әрі Абзал Құспан қазіргі қолтаныстағы Елтаңбаның жақсы жасалғанын, дегенмен қазақтың тарихы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығынан тамыр тартып келе жатқандықтан жаңа Елтаңба ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны болса екен деген тілегін білдірді.
Рас, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Ұлтымызға тән қастерлі белгілермен бірлік пен бейбітшілікті айшықтауды мақсат тұтқан. Ол осы кезеңнің ерекшелігі мен сұранысына сай ел халқын біріктірушілік қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Бұл ретте Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн. Ол – арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл – ерлік пен өрлікке толы тарих.
Биыл қазақ даласында ту көтерген Жошы ұлысы – Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді», – деді ол.
Осы орайда, депутат президенттің Елтаңбаны қоғаммен талқылау туралы бастамасын қолдай отырып, оны тарихи сабақтастықты, заман сұранысын ескеріп, жетілдіру жайын ойластырған жөн деп санайтынын, бұл маңызды істі осыған жауапты мемлекеттік органдардың қолға алып, көпшілікпен, тиісті мамандармен, қолданыстағы Елтаңба авторымен жан-жақты талқылау ұйымдастыруды ұсынды.