×

Мырзағали Айтжанов: «Бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз не істеп жүрміз?»

Ал Бақтияр Артаевтың айтуынша, лицензия алуға мүмкіндікті Дулат Бекбауға беру керек

 Дастан Жұмабекұлы 19.03.2024 | 13:36
Фото: olympic.kz

Биыл Францияның астанасы – Париж қаласында төрт жылда бір айналып келетін жазғы Олимпиялық ойындар шеру тартады. Әзірше осы дүрмекті додаға ерлер арасындағы ұлттық құраманың 6 боксшысы ғана жолдама алып қойды. Енді бір лицензияның тағдыры Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында өтетін халықаралық турнирде шешіледі. Бұл жарыс 26 мамыр мен 2 маусым аралығында жалауын желбіретіп тұрады.

Қазір ұлттық құрамада 63,5 келі салмақтағы боксшының лицензиясы ғана болмай тұр. Осы салмақта Дулат Бекбауов, Серік Теміржанов, Ерасыл Таңқай, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов бар. Бірақ былтыр Азия ойындарында Ертуған Зейнуллинов, жақында Италияда өткен турнирде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы лицензия ала алмай қалды. Енді басқа спортшылардың Таиландта өтетін турнирде осы салмақ бойынша жолдама алуға мүмкіндігі болады. Соның бірі – 67 келіге дейінгі салмақта рингке шығып жүрген Дулат Бекбауов. Ол салмақ қуып, 63,5 келіге түсіп, Олимпиада жолдамасы үшін күш сынасқысы келетін көрінеді. Ал әзірше осы сынға қай боксшының қатысатыны белгісіз. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев журналист Аслан Қаженовтің Youtube-тегі «Спорт министрі» арнасына берген сұхбатында Париждегі додаға Дулат Бекбауов баруға тиіс екенін айтты.

Менің ойымша, Дулат 100 пайыз Олимпиадаға баруы керек. Ол – қарсыласының қыр-сырын біле алатын, әбден тексерілген, шыңдалған боксшы. Ол салмағын 63,5 келіге түсірсе, соны ұстай алады. Салмақ қууға қиындық болмайды. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов  мен Дулат Бекбауов бір-бірімен спарринг өткізуі керек. Сонда жеңген былғары қолғап шебері ұлттық құрамаға алынып, лицензия үшін Таиландқа баруға тиіс, – деді ол.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов болса, қазір 63,5 келі салмақ төңірегінде әңгіменің көбейіп кеткенін, оны журналистер мен блогерлер де көбейтіп жібергенін ескертті. Бұл туралы ол журналист Самат Сүлейге Facebook-те айтты.

Біріншіден, Дулаттың жеке жаттықтырушысы оның осы салмаққа ауысатыны туралы бір ауыз сөз айтқан емес. Екіншіден, бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз ұлттық құрамада не істеп жүрміз? Үшіншіден, Дулат Бекбауов – ұлттық құрама мүшесі. Егер 63,5 келіге ауысатын ойы болса, бізге келіп айтуы, жарыстарға осы салмақта қатысуы керек. Егер мұндай ниеттері болса, құрама жаттықтырушыларына айтуға тиіс. Содан соң, біз осы салмақтағы боксшылармен жұдырықтастырып, бәрін бағамдаймыз. Дулат пен оның жаттықтырушысы маған бұл ойы туралы айтқан жоқ. Ұлттық құрама мүшесіне, егер салмақ ауыстыратын болса, тікелей келіп ақылдасуына еш кедергі жоқ. Ал жарысқа 2 ай қалғанда мұндай әңгіме айту ойға қонбайды, – деді Мырзағали Айтжанов.

Сондай-ақ ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы 26 мамыр мен 2 маусым аралығында Бангкокте соңғы лицензиялық турнирдің болатынын, әзірше  оған 63,5 келі салмақтан кімнің баратыны белгісіз екенін, боксшылардың арасында іріктеу өтіп, ең мықтысы ғана жарысқа жіберелетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама