«80-жылдары жастар Наурыз мейрамы туралы білмейтін». Жазушы Әлібек Асқаров Наурызнама онкүндігі жайлы айтты
19 наурыз – Жаңару күні
Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.
1988 жылы Наурыз қайта жанданғаннан кейін оның мазмұны мен форматы ішінара ғана қалпына келтірілді. Сондықтан Қазақстанда мерекеге жаңаша мазмұн мен пішін беру міндеті тұр. Наурызнама онкүндігі аясында 19 наурыз – Жаңару күн.
Осы ретте белгілі жазушы Әлібек Асқаров Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің ең алғаш тойланған күні туралы айтып берді.
Жазушының айтуынша, Наурыз мерекесі жайлы қоғамдық бастамаларға Өзбекәлі Жәнібековтің өзі түрткі болған. Бұрын тыйым салынып келген мерекені қалпына келтіру жөніндегі қоғамдық бастамаларды алғаш рет Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдаған.
«Наурызды тойлау 1989 жылы басталды. Шынын айтқан кезде, елжанды азамат Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен. Ол кездегі жастар Наурыз тойы дегенді білмейтінбіз. «Лениншіл жас» газетінде суретші болып жүргенімде 22 наурыз күнгі санын Көктем мерекесі деп шығаратынбыз. Наурыз деген де сөз жоқ, март дейміз. Бастаманың бәрін жасайтын «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов деген ағамыз. Комунистік қоғам, совет заманы наурызды ататпаса да, Сейдахмет ағамыз білдірмей газет шығарып жүрді. Ол кезде ұлттардың бір-бірінен айырмашылығын жою, совет адамы деген саясат жүретін. Дінге байланысты мейрамдардың барлығына тыйым салатын. Ал Наурыз мейрамы – дін келмей тұрғаннан бергі тойланып келе жатқан адамзаттың, табиғаттың жаңаруы. Осылайша Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясы орталық комитеттің хатшысы болып келгеннен кейін, алғаш рет Алматыда тойладық. Мен «Өнер» баспасында бас редактормын. Әрбір баспа, әрбір мекеме көшеге киіз үй тігіп тастады. Көшеде кетіп бара жатқандардың барлығын шақырып, дәм таттырды. Сол шақтарда Наурыздың қайта оралуы шынайы жалпыхалықтық қуанышқа айналды», - дейді жазушы Әлібек Асқар.
Жазушы Наурыз мейрамы – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі және халықтар бірлігі мен татулығының бастауы деген пікірде. Сонымен қатар, қаламгер 19 наурыз – Жаңару күніне қатысты өзгеше ой тарқатты.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы ғой. Баяғы қиын-қыстау кезден «қыстан аман өтсек, көктемге аузымыз жетсе, ары қарай өмір сүріп кетеміз» дегендей үміт ету. Не бір жұттар болды. Соның өзінде қазақ үмітін үзбей, көктемнің көгіне ілінсек деп отыратын. Жаңару күнінің символикалық мәні ерекше. Тек қоғам ғана емес, қазақтың санасы жаңару керек. Мемлекет басшысының Наурызнама онкүндігін жаңаша атап өтуді ұсынуы – дұрыс дүние. Жаңаруымыз керек, әсіресе жастар, - дейді қаламгер.
Ал Иранның Қазақстандағы елшігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матин екі елдің Наурыз мерекесін атап өтудегі ұқсас тұстарын айтып берді.
Наурыз 11 мемлекетте, соның ішінде Қазақстан мен Иран елдерінде тойланады. Иранда 14 наурыздан бастап көрісу күні тойланады. Дәл Қазақстандағы сияқты Амал күнінен басталады. Наурыздың тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегесі айрықша. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім беру, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер алға шығады, - дейді ол.
Жаңару күніне орай орай еліміздің барлық өңірінде көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
Ал Астанада сағат 19:00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында ұлттық құндылықтарды дамытуға және танымал етуге елеулі үлес қосқан еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлерін марапаттауға арналған «Наурыз» ұлттық сыйлығы өтеді. Сол сияқты Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Қанат Жүністің «Алаш жолы» драмасы қойылады.
Сондай-ақ, Алматыдағы барлық аудан, ЖОО мен мектепте ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады. Ал емханаларда халық профилактикалық тексеруден өте алады.
Тарихи деректерге сәйкес, Наурыз мейрамы осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі, ол парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.
Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркияда атап өтіледі.
Бұл мерекенің географиялық ауқымы өте кең, ол – ежелден көптеген халықтар үшін өмірлік циклдің жаңаруын тойлаудың символы.
2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.
2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.
Наурызнама онкүндігі:
- 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
- 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
- 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
- 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
- 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
- 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
- 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
- 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
- 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
- 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.