17 наурыз - Шаңырақ күні
Қазақстанда отбасын қолдау орталықтарының жұмысын реттейтін концепция әзірленді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Қазақстан халқы Наурызнама онкүндігі аясында Шаңырақ күнін атап өтіп жатыр. Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бекітілген. Ұлттық құрылтай мүшесі, Қарағанды қаласы отбасын қолдау орталығының басшысы Ләззат Қожахметованың пікірінше, елімізде Аналар, Әкелер мен Балалар күні болғанымен, тұтас отбасы күні жоқ. Бұл күннің маңыздылығы дұрыс насихатталса, отбасы институтын дамытуға септігін тигізеді.
Халқымыз аналар мен қыз-келіншектерді құрметтеген, елімізде Аналар күні бар. Халықаралық балалар күні де бар. Ер адамға деген құрмет төмендеп кетті, әрі олардың жауапкершілігі де азайғаны жасырын емес. Ер азаматтардың отбасы мен отанға деген жауапкершілігі мүлдем түсіп кетті. Сондықтан былтыр Әкелер күні бекітілді. Яғни отбасыны жеке-жеке қарастырған. Енді Шаңырақ күні бектілді. Не үшін қажет десе, Қазақстанда отбасы институты әлсіреді, тіпті мүлдем құрдымға кетіп бара жатыр. Отбасының әлеуметтік жағдайын көбінесе мемлекеттен көреді. Жалғыз мемлекет қана кінәлі емес, онда әйел мен ердің жауапкершілігі бар, - дейді ол.
Оның айтуынша, елімізде ерлі-зайыптылардың арасында отбасылық құндылықтан мемлекеттен көмек сұрап, материалдық жағдайды түзеуді жоғары қоятындар көбейген.
2019 жылдан бері отбасылармен жұмыс істеймін. 5 баласы бар әйелдер келеді, сол балаларының бәрі күйеуінің емес, өзінің тегіне жазылған. Ол бірнеше рет тұрмысқа шыққан немесе балаларының бәрі бір әкеден болуы мүмкін. Байқаймын, қазір ер адамдар балаларына өз тегін бермейді. Отбасын емес, мемлекеттен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек алып, тегін үй алу сияқты құндылықтарды жоғары қойған. Тағы бір мысал, 9 баласы бар отбасын білемін, 40-тан асқанда дүниеге әкелген баласын өз тегіне жазып алған. «Өзім асыраймын» деген құндылық еніп жатыр. 2-3 жерде жұмыс істейтін жалғыз басты аналарды білемін, олар балаларын өздері асырап отыр. Әрі министрліктің алдына митингке шығып жүрген олар емес, өйткені олардың уақыты жоқ, балаларын асырап жүр. Көп жағдайда «үкімет неге көмектеспей отыр?» деп көшеге шығып, әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрген әйелдердің барлығының күйеуі бар. Олардың көбі азаматтық некеде тұрады, өздері жұмыс істемей «барып сұра, үкімет неге көмектеспейді?» деп әйелдерін итермелейді. Отбасы институты әлсірегенінің дәлелі, - деп қосты Ләззат Қожахметова.
Сондай-ақ сарапшы еліміздегі отбасын қолдау орталықтарының жұмысына қатысты пікір білдірді. Бүгінде өзі Қарағандыда ашылған мемлекеттік отбасыны қолдау орталығына жетекшілік етеді.
Мемлекет отбасы мәселесіне мемлекеттік деңгейде енді назар аударып жатыр. Мәселен, Шаңырақ күні бекітілді. Айта кетейік, жақында Қарағанды облысында бірінші рет Отбасын қолдау мемлекеттік мекемесі ашылды. Оған дейін тендер арқылы әртүрлі ұйымдар отбасын қолдау орталықтарын ашып келді. Бұған дейін өзім тендер арқылы облыстағы Қарқаралы, Бұқар Жырау және Шет ауданы мен Қарағанды қаласында орталық ашып жұмыс істедім. Былтыр облыс басшылығына Отбасыны қолдау орталығын тендер арқылы ашқан дұрыс емес, себебі жүйелі жұмыс жоқ екенін айттым. Биыл мемлекеттік орталық ашылып, маған сол орталықты басқару туралы ұсыныс жасады. Мұндай орталық еліміздің барлық өңірінде болуға тиіс. Қазір тек 4-5 өңірде ғана бар, - дейді ол.
Сонымен қатар ол Шаңырақ күнін науқаншылдыққа айналдырмай, отбасылық құндылықтар дәріптелуі керек деп есептейді.
Қазір елімізде тренд пайда болды. 2019 жылы 5 қыздың өлімінен кейін көпбалалы аналар көшеге шығып, олардың проблемасы көтеріле бастады, жәрдемақы төленді. Қазіргі тренд Бишімбаев оқиғасынан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аударды. Біздің қоғамда резонанс оқиға болмаса, мемлекет оған назар аудармайтын болды. Қазір әрбір мемлекеттік орган «отбасын қолдаймыз» деп орталық ашып жатыр. Мәселен, ІІМ әйелдерді қолдайтын пункт ашты. Жоғарғы сотта ювеналды сот та орталық ашты. Мен басқаратын орталық Еңбек министрлігіне қарайды. Әр мемлекеттік орган өз бетінше орталық ашып, бюджет ақшасын шашып жатыр. Бұнымен тек бір ғана министрлік - Мәдениет және ақпарат министрлігі немесе Еңбек министрлігі айналысуы керек. Бір орталық - мемлекеттік, енді біреуі тендер арқылы ашылған жекеменшік. Әрқайсысы өз бетінше жұмыс істеп жатыр, - деді Қожахметова.
Сарапшы жақын арада отбасын қолдау орталықтарының жұмысын реттейтін концепция бекітілетінін атап өтті.
«Ол не үшін керек? Мысалы, Таразда ашылған отбасын қолдау орталығында тігінші мен кондитер шеберлер жұмыс істейді. Ал Қарағандыдағы орталықта психолог пен заңгерлер істейді. Бірыңғай концепция болса, орталықтар бірдей жұмыс істейді. Жалпы мемлекеттік саясаттың стандартын түзеп алу қажет. Әр орталық әр бағыт бойынша жұмыс істегенімен, кешенді көмек көрсетпейді. Бір орталық шағымданған әйелден тек полицияға арыз жаздыртып алады. Оны жұмысқа тұрғызу, баласын балабақшаға орналастыру мәселесімен айналыспайды. Ол үшін Еңбек министрлігінің басқа бір орталығына бару керек. Егер бір жүйе болса, әр орталық соның негізінде кешенді көмек көрсететін болады», - деді Ләззат Қожахметова.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 9 айында Қазақстанда 90,3 мың неке тіркелген, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға аз. Сондай ақ осы аралықта ажырасу саны 8,1 пайызға, 12,4 мыңға дейін азайған.
Wisevoter сайтының мәліметі бойынша, ажырасу саны бойынша Қазақстан әлемдегі 114 мемлекеттің ішінде 16-шы орында тұр.
Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.
Наурызнама онкүндігі: