«Болашақта апталап, айлап насихаттауымыз керек». Бүгін - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Ербол Тұрымбет

Мәдениеттанушы биылдан бастап аталып өтіп жатқан Наурызнама тұжырымдамасы жайлы айтты

коллаж: Halyq Uni

Тарихи деректерге сәйкес, Наурыз мейрамы осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі, ол парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркияда атап өтіледі.

Бұл мерекенің географиялық ауқымы өте кең, ол – ежелден көптеген халықтар үшін өмірлік циклдің жаңаруын тойлаудың символы.

2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.

2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.

Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.

Наурызнама онкүндігі:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұқбатында биыл Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетініміз жайлы айтқан болатын. Президент Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасы жайлы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да атап өтті.

...Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз.

Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз.

Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек, - деді Президент.

Жаңа тұжырымдамада халқымыздың ертеден келе жатқан жаңа жыл мерекесі – Наурыз мейрамы 8-9 күнге созылғаны және «Наурызнама» деп аталғаны ескерілген. Бұл туралы шығыстың көрнекті ойшылдары О.Хайям, М.Қашқари, М.Көпейұлы, А.Құнанбаев, М.Әуезов т.б. өз еңбектерінде айтып өткен.

1988 жылы Наурыз қайта жанданғаннан кейін оның мазмұны мен форматы ішінара ғана қалпына келтірілді. Сондықтан Қазақстанда мерекеге жаңаша мазмұн мен пішін беру міндеті тұр.

Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетіледі.

Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидің пікірінше, Әз Наурыздың жаңаша форматта тойлануы мерекенің мән-мағынасы мен мазмұнын байытады.

Наурыздың 14-інен басталғаны дұрыс болды. Сосын күн мен түннің 14-іне теңеліп жатқанын естіп жатырмыз. Бұл кәдімгі қазақтың жаңа жылы, тіпті ол күні «Жыл басы» деуге болады, - дейді Серік Ерғали.

Мәдениеттанушы болашақта ұлттық құндылықтарды дамыту, ұлттық спорт, салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптеу үшін тек бір күн ғана емес, кемі бір апта арнауды ұсынып отыр.

Мәселен, ұлттық спортқа бір ай арнап (мамырға арнап), соны жоспар бойынша жүзеге асырса, кәдімгідей серпіліс болар еді. Бір күнде бәрін насихаттап үлгере алмаймыз.

Мәселен, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Соған арналған ғылыми конференциялар керек. «Наурыз» тақырыбын осындай конференциялармен ашу керек еді. Бұл мәселені қаншама ғалым, академиктеріміз жан-жақтан шығып айтып жатыр. Сол ресурсты пайдалану керек, - дейді мәдениеттанушы.

ҮШ ҚЫЗҒАЛДАҚ – ӘЗ НАУРЫЗДЫҢ ЖАҢА СИМВОЛЫ

Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші ролін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі бекітілді.

Наурыз – еліміздің әрбір азаматы үшін көктемгі жаңарудың, махаббат пен достық салтанатының көрінісі. Оның бәрі, сондай-ақ көтеріңкі көңіл-күй мен мерекенің бірегейлігі Наурыздың бірыңғай логотипі – үш қызғалдақ арқылы бейнеленген.

Қазақстан халқы үшін қызғалдақ Наурыз мерекесінің жарқын символы саналады. Біздің ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған. Қызғалдақты көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклімен байланыстырады.