Құрылыс кодексі: сарапшылар жаңа құжат жобасының еш сын көтермейтінін айтты

Ербол Тұрымбет

Жоба қазір Мәжіліс қарауында жатыр

көрнекі фото: Halyq Uni

«Ақ жол» халық партиясы кеңсесінде Қазақстан құрылысшылар одағының ұйымдастыруымен құрылыс саласының негізгі құжаты саналатын «Құрылыс кодексінің» жобасы талқыланды. Аталған жобаны Индустрия және құрылыс министрлігі әзірлеп, былтыр желтоқсан айының соңында Мәжіліс қарауына ұсынған.

Сала өкілдерінің айтуынша, заң құрастырушыларға кодекс жобасын жазып шығуға тым аз уақыт берілген. Мәселен, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде президент жолдауында Үкіметке қала құрылысы саласында түбегейлі жаңа құжат қабылдауды тапсырды.

2023 жылдың 29 тамызында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс кодексін жария талқыға шығарып, 25 желтоқсанда құжат Үкіметке таныстырылды. Яғни, құрылыс нормаларын кодтары небәрі 1 жыл 3 айда ғана жазылып шыққан.

«ҚҰЖАТТЫ ЖЕТІЛДІРУ ҮШІН ЖОБА КЕРІ ҚАЙТАРЫЛУЫ КЕРЕК»

«Көптеген елде мұндай жобалар айлап емес, жылдар бойы жасалады. Мәселен, Францияда арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Ал жоғарғы комиссияны елдің премьер-министрі басқарады. Жоба қабылданса, ол бірнеше жылға бекітіледі. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сүйене отырып айтсақ, құрылыс саласында мұнша қысқа мерзімде жақсы әрі сапалы құжат дайындап шығару мүмкін емес», дейді «Атамекен» ҰКП президиумы құрылыс және ТҮКШ комитетінің төрағасы Ирина Манжанова.

Маманның сөзінше, Кодекс жобасы арнайы жұмыс топтарын құрмастан, сарапшылармен кеңесіп қана жасалған. Дайын болған соң оны талдау жұмыстарын Құрылысшылар одағы мен өзі басқаратын комитет жүргізген. Олардың әлемдік тәжірибеге сүйеніп өзгеріс енгізуіне уақыт жетпей, тек дайындап берген жобаны қарастырған. Сондықтан бүгінгі Құрылыс кодексінің жобасын «тек қанағаттанарлық» деп қана бағалауға болатынын айтады. Сол себепті, құжатты жетілдіру үшін жоба кері қайтарылу керек деп есептейді.

КСРО кезінде елде 200 жобалау фирмасы болған, қазір 15 мыңға жеткен

Ирина Манжанова ескерткен тағы бір кемшілік – инженерлік-техникалық қызметкерлерді сертификациялау бойынша компанияларды лицензиялау саласында жаңашылдықтың жоқтығы. Сарапшының сөзін ҚР Сәулетшілер одағының вице-президенті Серік Рустамбеков те қолдады. Оның айтуынша, бүгінге дейін аталған Кодекс жобасының осымен үшінші нұсқасы жасалып отыр.

Тіпті, Мәжіліске түскен соңғы құжат біздің алдымыздан өткен жоқ. Сондықтан, біздің пайымымызша, бұл құжат түбегейлі дұрыс емес. Мәселен, лицензиялау, аттестациялау саласына келсек, кім-кім де тиісті құжаттарды толтырып, маман ретінде аттестат алады, ол ешкімге жасырын емес, - дейді Серік Исаұлы.

Оның айтуынша, КСРО кезінде бүкіл Қазақстанда жобалау ұйымдары филиалдарын қоса алғанда бар-жоғы 200-ден аспаған. Оған қоса, әрбір министрлікте мамандандырылған институт болған. Ал қазір лицензиясы бар жобалау фирмаларының саны 15 мыңға жеткен. Соның 2 мыңы бірінші санатқа жатады, яғни оларға ірі нысандардың жобасын жасауға мүмкіндік берілген. Сайып келгенде, бұл сала толығымен жемқорлыққа батқанын айтады. Есесіне, ғимарат, көпқабатты тұрғын үй немесе қоғамдық нысан жоғары баға алды деген жаңалық өте сирек, тіпті естілмейді де.

Екінші жағынан, Серік Рустамбеков мемлекеттік сараптаманың монополияға айналып кеткенін айтады. Себебі, мемлекеттік деп аталғанымен, ол коммерциялық ұйым болып саналады, кез келген кәсіпорын сияқты, басты мақсаты ақша табу.

Бүкіл жобалаушы соның салдарын тартып отыр. Айталық, біз жобаны қалай есептеп шығарсақ та олар соны қымбаттатқысы келіп тұрады, жобалау жұмысының қымбатқа шыққанын қалап тұрады. Тіпті, сол жобаны тегін істеп берсең де сараптама соның толық ақысын көрсетіп бергеніңді талап етеді. Ал көрсетіп берген құның олардың көңілінен шықпаса, өз пайымына салып, қайта есептеп шығарады, - дейді маман.

Сарапшы осы мәселелерді реттеу керек екенін жеткізді. Оның ойынша, қазір Мәжіліс қарауына ұсынылып отырған құжат ешқандай сынға жауап бермейді, ешқандай түбегейлі жаңалық әкелмей, қолданыстағы заңдарды қайталап шыққан.