Қаратұрын кен орнындағы өрт: министрлік ауаға метан тарағанын жоққа шығарды

Дәурен Ерболат

ВВС арнасы кен орнындағы апаттан ауаға 127 мың тонна метан бөлінгенін жазған болатын

Фото: Halyq Uni

Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Маңғыстау облысындағы кен орнынан шыққан өрт салдарынан ауаға таза метан тарағанын жоққа шығарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Апат болды («Бозащы Мұнай» ЖШС кәсіпорнына қарасты Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында, – ред.).  Алайда метан таза күйінде атмосфераға тараған жоқ. Себебі метан улы газ саналады... Төтенше жағдай кезінде оны өртеу керек, - деді Жомарт Әлиев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Маңғыстау облысының экология департаменті апта сайын кен орнынан тиісті талдауды алып отырған.

Ұңғыма жанғанда оның жанына жақындау мүмкін емес. Бұл – техникалық қауіпсіздік ережесіне қайшы. Алайда апта сайын алыстан тиісті талдау алынды. Нәтижесінде ауаға ластаушы заттардың жекелеген түрі шектен тыс тарағаны анықталды. Бүгінде бұл ұңғыма бойынша жоспардан тыс тексеру аяқталып, компанияға айыппұл салынды. Сондықтан апат салдарынан ауаға таза метан тарады деу дұрыс емес, - деді вице-министр.

Нақты айтқанда, Жомарт Әлиев «Бозащы Мұнай» кәсіпорнына шамамен 500 млн теңге айыппұл салынғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, Маңғыстау облысы Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнындағы ұңғымыдан өрт былтыр 9 маусымда шыққан болатын. Облыстық экология департаменті апаттың қоршаған ортаны ластап жатқанын хабарлаған-ды. Ведомство қызметкерлері оны апат аймағындағы ауа мен топырақ сынамасын талдау кезінде анықтаған. Олар ластаушы заттар құрамында әсіресе метан көп кездескенін, оның нормадан бірнеше есе асып түскенін байқаған.

Кен орнындағы өрт 2023 жылдың 25 желтоқсанында сөндірілген. Экология министрлігінің дерегінше, ол өрт 200 күнге созылған.

Ал BBC мәліметінше, «Бозащы-Мұнай» кәсіпорнына қарасты Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында былтыр бірнеше ай бойы ауаға 127 мың тонна метан бөлінген. Ол − адам көзіне көрінбейтін газ. Алайда күн сәулесі атмосферадағы метан қабатынан өткенде, оның ізін спектрометрмен жабдықталған спутниктер анықтай алады.