«Aфрика елдерінен де төмен тұр». Қазақстанда экологиялық жағдай мәз емес
Қоқыстар полигондарға сұрыпталмай төгіліп жатыр
Сенат депутаты Советбек Медебаев елімізде экологиялық жағдай мәз емес екенін, экологиялық тиімділік рейтингінде Қазақстан Aфрика елдерінен де төмен тұрғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Қазір еліміздегі ауаның, судың және топырақтың шамадан тыс ластануы халықтың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қатер төндіріп жатыр. Соңғы жылдары Қазақстан экологиялық тиімділік рейтингінде 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтап, Намбия, Габон және Зимбабве сияқты елдерден артта қалып отыр. Сондай-ақ жасыл өмір үшін үздік елдер рейтигінде еліміз 78 мемлекеттің ішінде 72-орында тұр. Атап айтқанда, атмосфераның ластануы және тұрмыстық қатты қалдықтардың жиналуы еліміз үшін ең өзекті экологиялық проблеманың бірі саналады, - деді Советбек Медебаев.
Оның айтуынша, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған және Теміртаудағы ауа айтарлықтай ластанған. Оның бәрі адамның өмірі мен денсаулығына теріс әсер етеді.
Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтпаев қалаларындағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғыларды жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізбесе, өңірдің экологиялық жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Қазір Жезқазған өңірінде негізгі су көзі – Кеңгір су қоймасы. Ал судың сапасы онда қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізумен қатар, Үйтас-Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет, - деді сенатор.
Сондай-ақ депутат қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз, ашық полигондар мен қалалық полигондарда жиналып жатқанын атап өтті.
Советбек Медебаев мәселені шешу үшін өз ұсынысын айтты.
Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту үшін әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру керек. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау үшін тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау шараларын күшейту қажет.
Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп, аудандық, қалалық және ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыру маңызды», - деді депутат.