Әр көкпаршыда медициналық сақтандыру полисі болуы керек – Елемес Әлімханов
Белгілі ғалым көкпарды спорт ретінде дамытуды қолға алып, «жаппай көкпарды» реттейтін уақыт келгенін айтты
Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бағдарламаға спорттың 20 түрі енген.
Жақында Анталья қаласында (Түркия) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған VI Этноспорт форумы өтіп, 60-тан астам елден келген халықаралық қатысушылар үшін алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды.
Көшпенділер ойындарына енген 20 спорттың ішінде көкпар да бар. Алайда, көкпар әр елде (Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Алтай өңірі) ұлттық ойын ретінде бөлек дамығанымен, спорт ретінде оның халықаралық дәрежеде ережесі бірізділенбеген. Алда бұл тақырыпта тағы да алқалы жиын өтіп, Көшпенділер ойындары қарсаңында көкпар ережесін нақтылап алмақ.
Halyq Uni подкастында ат спорты – көкпар туралы, оның ойын һәм спорт ретінде даму барысы талқыланды. Пікірталасқа Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ғылыми жұмысының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Елемес Әлімханов және мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали қатысты.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Елемес Әлімханов көкпарды спорт ретінде дамытуды қолға алып, «жаппай көкпарды» реттейтін уақыт келгенін айтты.
Жаппай көкпар ұйымдастырушылардың халықпен, жергілікті әкімшілікпен, тәртіп сақшыларымен ешбайланысы жоқ. Ол елге тиімді ме, одан халыққа пайда бар ма, арығы қазылып, көпірі салынып жатыр ма? Қоғамға қандай пайда әкеліп жатыр? Онымен шаруасы жоқ. Ал көкпар бойынша жаңадан әзірленіп жатқан ережелер жаппай көкпаршыларға ұнамауы мүмкін. Себебі, олар еркін ойнап дағдыланған, – дейді ғалым.
Ол жаңа ереженің жобасын түрколог, мәдениеттанушы Серік Ерғали жасап, қауымдастықтарға ұсынып қойған. Оның сөзінше, ат спортының әрқайсысы бойынша дүниежүзілік деңгейдегі ат спортының регламентіне сүйенген ереженің жобасын жасап шығарған. Енді соны әрбір қауымдастық саралап, дұрыс ережеге айналдыру керек. Ереженің әрқайсы 80-90 беттен тұрады. Ал қазіргі көкпарда қолданылып жүрген ереже небәрі 10-ақ беттен тұрады.
Одан бөлек, Елемес Әлімханов көкпаршылардың медициналық сақтандыру полисі болу қажет екенін алға тартып отыр. Мәселен, көкпаршы жаппай көкпарда құлап, бір жерін сындырып жатса, дәрігерге барып, тегін медициналық ем алады.
Ал ол өзі соған саналы түрде барып отыр, бірақ медициналық сақтандыруы жоқ. Ат та құлап, мертігуі мүмкін. Ауыл маңында жердің шаңын шығарып, түгел қопарып тастайды. Ол жердің иесіне төленіп жатыр ма? Шөбі қопарылған жерде мал ауырып жатса, көкпаршы ешқандай жауапқа тартылмайды. Осыны бәрі түсінуі керек. Сонда ғана нәтиже шығады, - дейді Елемес Әлімханов.
Ғалымның сөзінше, сол үшін көкпар ұйымдастырушы алдымен бір ай бұрын жергілікті әкімдікке өтініш жолдап, қанша адам, қанша ат қатысатынын, жалға алатын жерін ескертіп, ұйымдастыру мәселесін мойнына алуы керек. Сонымен бірге, көкпаршы алдын ала медициналық сақтандырылған болуы керек. Себебі, сондай қауіпке өзі сұранып барып тұр.