Halyq Uni логотип
×

Көкпар спорт ретінде әлемге танылу үшін 13 критериге сай болу керек – Серік Ерғали

Мәдениеттанушы көкпарды спорт ретінде дамытудың бірнеше жолын ұсынды

 Ербол Тұрымбет 07.03.2024 | 15:08
Көкпар спорт ретінде әлемге танылу үшін 13 критериге сай болу керек – Серік Ерғали
Серік Ерғали, мәдениеттанушы

Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бағдарламаға спорттың 20 түрі енген.

Жақында Анталья қаласында (Түркия) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған VI Этноспорт форумы өтіп, 60-тан астам елден келген халықаралық қатысушылар үшін алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды.

Көшпенділер ойындарына енген 20 спорттың ішінде көкпар да бар. Алайда, көкпар әр елде (Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Алтай өңірі) ұлттық ойын ретінде бөлек дамығанымен, спорт ретінде оның халықаралық дәрежеде ережесі бірізділенбеген. Алда бұл тақырыпта тағы да алқалы жиын өтіп, Көшпенділер ойындары қарсаңында көкпар ережесін нақтылап алмақ.

Halyq Uni подкастында ат спорты – көкпар туралы, оның ойын һәм спорт ретінде даму барысы талқыланды. Пікірталасқа Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ғылыми жұмысының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Елемес Әлімханов және мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали қатысты.

Серік Ерғали көкпарды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорт ретінде әйгілеу үшін ережесі мен регламентін қазірден бастап бір ізге түсіру қажеттігін айтты.

Мәдениеттанушының айтуынша, көкпар спорт ретінде халықаралық дәрежеге көтерілу үшін 13 түрлі критериге сай болу керек:

  • Біріншіден, көкпар спортына бапкер керек. Ал, ойында тәжірибелі көкпаршы болса жеткілікті.
  • Спортта бойы мен тұқымына дейін параметрлері қамтылған – бапталған ат болу керек. Ал ойында қолда бар ат болса жетеді, бәрі ойнай береді.
  • Спортта атрибут – арнайы жасалған, малға ұқсамайтын, ыңғайлы «серке» болса, ойында оның орнына бауыздалған серке жүре береді.
  • Ресми бекітілген ереже. Қауымдастыққа кіретін барлық ел бір ережені мойындауы керек. Ал ойында қалыптасқан «ереже» бар. Оны өздері қалауынша өзгерте береді.
  • Спортта бапталған команда болады. Ал кез келген адамның атқа отыра беруі ОЙЫНға тән. Атқа отыруға қабілетті адам болса, серкені тарта алса ойынға кіре береді.
  • Спортта нақты регламент, ал ойында қалыптасқан талап болады. Ол талапты кейде көкпар берушінің өзі қоюы мүмкін. Спортта олай болмайды. 
  • Спортта арнайы киім болады. Оның белгісі, бас киімі, етігі, ер-тоқымы, үзеңгісіне дейін – бәрі қаралу керек. Ал ойында оның бірде-бірі болмайды. Оның бәрін ғылыми тұрғыдан қалымдар реттеп отыру керек. Мысалы, қорғаныштар: тізеге, шынтаққа, иыққа арналған қорғаныштар болу керек, ойында ол міндетті емес.
  • Спортта көрермен болуы міндетті. Отыратын орны, трибуна, төбе жабыны – бәрі болу керек. Ойында көрермен болмайды. Сол үшін арнайы көкпаржай – стадион салыну қажет. Ал ойында көкпар шабуға ыңғайлы жазық жеткілікті.
  • Спортта арнайы қалыптасқан термин болады. Қазіргі қолданыстағы «шабандоз» бәйгеде, «палуан» кілемде жүру керек. Олардың көкпарға қандай қатысы бар? Одан да «көкпаршы» сияқты сөздер терминге енгені абзал.
  • Спорт – бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Ойын – этникалық құндылық.
  • Спортта тартымдылық болу керек, көрерменнің көзайымына айналуы керек.
  • Командалық құрылым. Қазіргі команда құрамын қайта қарау керек. Өйткені, онда шабуылшылар, қорғаушылар бар ма? Өзім соған қатысты жоба жасап жатырмын, оны ғалымдар, халық қалай бағалайтыны өз алдына басқа әңгіме. Мысалы, қақпашының орнына бір торушы болуы керек. Ентелеп жетіп келіп сала салуға болмайды. Алдымен айқас болуы керек. Тіпті, шеңбер деген сөз де, оның өзі де дұрыс емес. Шеңбер орнына бір жағы қызыл, бір жағы көк кәдімгі төсеніш болуы керек. Бір жағынан көрген көзге де әдемі, салымға да ыңғайлы, үстінен ат өтсе аяғы ілінбейді, өзі де жиырылмайды.
  • Көкпардың жарақтары. Мысалы, былтыр серкенің «жаяу көкпар» деп, шағын етіп жасалған түрі президенттік «Ұлан» жасағында тексеріліп, сынақтан өткен. Енді сол аттылы көкпарға да арнап жасалған. Сондай нәрселерді тезірек сынақтан өткізіп алып, бекітіп, енгізіп жіберуге уақыт жетеді.
  • Сондай-ақ, көкпар алаңын да қайта қарау керек. Себебі, футболдағыдай сызықтан шығып кетсе, төреші оны қуалап жүруі керек пе, керек емес пе? Оффсайд керек пе? Жалпы, көкпар қалай басталуы керек? Осы сұрақтар да қамтылу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама