×

Экобелсенді АЭС салу және референдум туралы: «Халыққа тек біржақты ақпарат бермеу керек»

Қазақстанда АЭС салу-салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі

 Айнұр Шошаева 07.03.2024 | 12:53
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі көтеріліп келе жатқанына ұзақ уақыт болды. 2023 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізде АЭС салу-салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керек екенін айтты. Әзірге АЭС салу-салмау мәселесі шешілетін референдумның датасы нақтыланған жоқ.

Әлеуметтік-экологиялық қордың жетекшісі Қайша Атаханованың халық референдум қарсаңында атом электр стансасының тиімділігімен қатар, одан болатын қауіп-қатер туралы ақпаратты да білуге тиіс деп есептейді.

Қайша Атаханова 20 жылдан астам уақыт Қазақстандағы радиациялық қауіпсіздік пен атом энергетикасы тақырыбын зерттеп жүр. Биолог, экобелсенді 2005 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық Голдман сыйлығын иеленген. Оның пікірінше, қазір АЭС туралы халыққа ұсынылып отырған ақпарат біржақты және онда энергия тапшылығы туралы үрейлендіру басым.

«2000-жылдардың басында халықты Қазақстандағы радиациялық ахуалдың қалай болып жатқанын хабардар ету үшін 5 қалаға барып, зерттеу жүргіздік. Себебі Семей полигонынан басқа өңірлерде бұл тақырып зерттелмеген, беймәлім болды. Әлі күнге дейін ақпарат жабық. Тек кейбір дереккөздер мен арнайы әдебиеттерден бірдеңе табуға болады. Сол кезде МАЭК-тегі БН-350 реакторында болдық. МАЭК-пен байланысқа шығып, реакторды барып көргіміз келетінін айтып, еліміздегі заң нормалары оған рұқсат беретінін алға тарттық. «Қазатомөнеркәсіп» мен МАЭК-тің басшылығы бұл ұсынысымызды құптап, кездесуге келісті. Сол кезде 12-15 сұрақтан тұратын сауалнама әзірлеп, нақты қандай ақпаратты білгіміз келетінін алдын ала дайындап бердік. Олар сұрақтарға жауап беріп, жалпы бұл мәселеге жауапкершілікпен қарады», - деді ол.

Белсендінің айтуынша, реакторға бармай тұрып біраз ақпарат жинаған. Сол кезде онда штаттан тыс жағдайлар болғаны анықталған.

Баспасөзде БН-350 реакторында бірдеңе болып жатқаны туралы ақпаратты көрген емеспіз. МАЭК-ке бармас бұрын ақпарат жинап, дайындалдық. Сенімді дереккөздер БН-350 реакторында штаттан тыс жағдайлар болғанын көрсетті. Мысалы, ол жерде өрт болғаны спутниктен анықталған. Біз оны сұрап едік, комбинаттағылар оны растады. Кейін әкімдік пен қоршаған ортаны қорғау ұйымдарынан сұрағанда «ондай жағдайдың тіркелмегенін» айтты. Демек олар штаттан тыс жағдайлардан өз күшімен шыққан. Яғни ол туралы ешкім білмеді, - деп қосты маман.

Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі 1999 жылы БН-350 реакторын пайдаланудан шығару туралы шешім қабылдаған болатын.

«АЭС - самаурын емес, оның жұмысын тоқтан суырғандай тоқтатып қою мүмкін емес. Мысалы, Ақтаудағы реактор плутоний өндірілген реактор болатын. Яғни екі мақсатта пайдаланылды: біріншісі – энергия, екіншісі – плутоний өндіруі керек болды. Қазір Семей полигонындағы «Байкал» кешенінде жоғары радиобелсенді заттар сақталады. Одан 700 атом бомбасын жасауға болады. Айтпағым, АЭС – екі басты айдаһар. Бір жағынан ол бейбіт атом, екінші жағынан плутоний өндірді. Бұл бейбіт мақсатта емес, әскери мақсатта екені белгілі. Оны сөндіріп, бірден істен шығару мүмкін емес», - деді Қайша Атаханова.

Экобелсенді кез келген атом электр стансасы істен шығарылған соң, кем дегенде 100 жылдық проблемаға айналады деп есептейді.

«БН-350 реакторын әлі күнге дейін жауып жатыр. Өйткені оның өзегі тек 50 жыл бойы салқындатылады. Демек кез келген атом реакторы кем дегенде 100 жылдық проблема бола алады. Егер плутоний өндіретін болса, одан да көп жыл кетеді. Сондықтан қазір біз АЭС туралы абстрактілі түрде айтамыз. Қазір жұмыс істеп тұрған атом стансалары декомиссиия процесінен өтуі керек. Қазақстанда декомиссия жоқ, өйткені ол қымбат. Тек 20 жыл оны пайдаланудан шығарды, әлі де шығарылады. Бұл экономикалық мәселе, оны бірде-бір ел оңайлықпен істей алмайды. Қалдықтарын көмудің өзіне қыруар қаржы керек. Халықаралық тәжірибеде декомиссия ол кешенді жұмыс, оған тек радиобелсенді материалмен жұмыс істеуді ғана қамтымайды. Онда жоғары, орташа және төмен радиобелсенді қалдықтардың әрқайсымен жеке жұмыс істеу қажет. Сондықтан декомиссия тек реактор мен оның ғимаратын ғана емес, онда жұмыс істеген адамдардың басқа жұмысқа орналастырылуын да қамтиды. Ең соңында ол жерді қалпына келтіріп, жасыл тоған мен желек қана қалуға тиіс. Мұның бәрі өте қыруар қаржыны қажет етеді», - деп толықтырды сөзін.

Сарапшы АЭС тақырыбына тек біржақты қарауға болмайтынын жеткізді.

«Атом стансасының функциясы – бізге айтып отырғандай 50-60 жыл энергиямен қамтамасыз ету ғана емес. Оның екі өмірлік циклы бар. АЭС – уранды өндіру, оны байыту, зауыт салу, содан кейін станса, сосын ол жұмыс істеп бастайды. Кейін оны тоқтатып, көму керек. Мұның барлық кезеңінде қоршаған ортаға шығарындылар болады. Радиациялық әсерден болатын қауіп-қатер өте жоғары, тіпті химиялық немесе басқа да ластану жағдайымен салыстыруға келмейді. Радиациялық ластануды адам сезбейді, оның не дәмі, түсі жоқ. Көзбен көріп, қолмен ұстай алмайды. Оны тек аппаратпен ғана өлшеп, анықтауға болады. Адамдар оны білмей қалады, оларға ешкім айтпайды немесе кеш айтады», - деді ғалым.

Радиацияның адам ағзасына зиянын зерттеп жүрген маман сәулеленген организмнің генетикалық салдары болатынын және оның ұрпақтан ұрпаққа таралатынын еске салды.

«Сәулеленген организмнің генетикалық салдары болады, әрі ол ұрпақтан ұрпаққа тарала береді. Сол себепті біз еліміздің болашағы, өмір сапасы, тұрақты дамуы мен жасыл энергия туралы айтатын болсақ, бұл мәселенің тәуекелдеріне де қарауымыз керек. Ең бастысы - ұрпағымыздың саулығы. Сондықтан таразының екі басына бірдей қарап, «бізге қазір саясат пен экономика керек пе, әлде еліміз бен ұрпағымыздың саулығы керек пе?» деген мәселені қарауымыз керек. Қазақстандықтарды «радиофобия бар» деп айыптайды. Семей полигонынан кейін бұл тақырыпты өршітіп, енді халық қорқатынын айтады. Эколог ретінде айтарым, неғұрлым өзіміздің және ұрпағымыздың басын тәуекелге аз тігетін болсақ, соғұрлым жақсы. Кез келген саналы адам зияны аз нәрсені таңдайды», - деді Қайша Атаханова.

АНЫҚТАМА:

Әлеуметтік-экологиялық қор – 2007 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметті жүзеге асыру және Қазақстан мен Орталық Азияда орнықты дамуды ілгерілету үшін құрылған үкіметтік емес ұйым. Ол халық арасында ақпараттандыруды арттыру үшін азаматтық қоғам ұйымдарының экспорттық әлеуетін және үздік өңірлік және әлемдік тәжірибелерді жұмылдырып, еліміздегі экологиялық көшбасшылықты дамытумен айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама