Аружан Қуанова 2024 жылы өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жүр
Асық атудан спорт шебері Аружан Қуанова спорттың бұл түрімен 7 жылдан бері айналысады. Ол бұған дейін 5-ші Ұлттық спорт түрлері фестивалiнде бес асықтан 1-орын, ал 2023 жылы өткен Қазақстан кубогінде 2-орын алған. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында спортшы Halyq Uni тілшісіне V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатқанын айтып берді.
Аружан Қуанова мектеп кезінен түрлі жарысқа қатысып, табанды еңбегінің арқасында асық атудан спорт шеберіне айналған. Айтуынша, асық атумен айналысу оңай емес, ол ептілік пен жылдамдықты талап етеді.
Спорттың бұл түрімен айналысу өте маңызды. Барлығы асық ату оңай деп ойлайды, бірақ олай емес. Себебі бұл ептілік, жылдамдық, төзімділікті қажет етеді. Қыздар бұрын бұл ойынды таспен ойнаған. Қазір ол ойын түрі жаңарып, асықпен ойнайтын спорт түріне ауысты, - дейді Аружан.
Қазір қолында 7 жылдан бері жинаған 100 шақты асығы бар. Айтуынша, өзі бала кезінде асықпен емес, таспен ойнап үйренген. Спортқа келгеннен кейін, асыққа қызығушылығы артқан. Жарыстарға мектеп кезінен бастап қатысқан.
Оның айтуынша, асық атуды кез келген адам меңгеріп кете алады. Ол адамның қабілетіне байланысты. Тіпті спорт шеберлері де қателік жасауы мүмкін.
Сондай-ақ ол бесасық ойынының шартын түсіндіріп берді.
Асық атуды топпен бірге немесе жекелей де ойнауға болады. Топтық ойында 3 адам ойнайды. Жігіттер мен қыздар ойынында айырмашылық болады. Мәселен, бесасықта біз бір асықты лақтырып, ол жерге түскенше басқа асықтарды жинап үлгеру керек. Неғұрлым көп жинаса, жеңіске жетеді. Егер асық жерге түсіп кетсе, қате деп есептеледі. Бұл ойынды көбі оңай деп ойлайды, ол ептілік пен қызығышылыққа байланысты. Мен 7 жыл асықпен айналысып келе жатқандықтан, қолым үйреніп кеткен. Дегенмен бізде де қателіктер болады, - дейді ол.
Аружан Қуанова 2024 жылы өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жүр.
«Қазір Көшпенділер ойынынан дайындық жақсы жүріп жатыр. Біз іріктеуден өттік. Түрлі жарыстарға қатысып, шыңдалдық. Жоспар бойынша, жарысқа екі апта қалғанда күнде дайындаламыз. Ал қазір өзіміз үйде дайындалып жүрміз және жаттықтырушымыз Ескендір Рахметов қадағалайды», - дейді Аружан.
Бойжеткен ұлттық спортпен айналысатын қыздардың көп екенін айтып, оны әрі қарай дамыту үшін мектептен бастап қолға алу қажет деп есептейді.
Қазір асықпен айналысатын қыз өте көп. Қазір мектептерде сабақ түрінде өтеді. Жақсы ойнайтын қыз да көп. Бұл өзіміздің спорт болған соң оны дамытып, мектепте көп көңіл бөлу керек. Ұлттық спортты қазақ қыздары дамытпаса, басқа кім дамытады? Асық ойнауға келіңіздер, өйткені ол сіздердің ептіліктеріңізді, ойлау қабілетіңіз бен өзіңізді ұстауды дамытады. Қазір біздің ұлттық ойынымызды басқа елдер де үйреніп, қатысып жатыр, - дейді Аружан Қуанова.