×

Кәсіп бастауға техникалық мамандықтың қажеті жоқ – өнеркәсіпте еңбек ететін әйелдер

Қазақстандықтар Халықаралық әйелдер күнінде демалады

 Айгерім Таубай 05.03.2024 | 16:55
коллаж: Halyq Uni

Әйелдерге өнеркәсіп саласында іс жүргізу үшін кәсіби техникалық мамандықтың қажеті жоқ. Бастысы – ұйымдастыру және басқару қабілетінің болуы. Мұндай пікірді Астанада өткен «Өнеркәсіптегі әйелдер: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар» республикалық конференциясына Ұлытау облысынан келген кәсіпкер Лариса Гелисханова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Лариса Гелисханова 2011 жылдан бері Сәтпаев қаласындағы тау-кен шахта жабдықтарының қосалқы бөлшектерін шығаратын компанияны басқарады.

Сол кезде Жезқазғанда өнеркәсіп саласында еңбек ететін кәсіпкерлердің қауымдастығы құрылды. Қазір аймақтағы қауымдастықтың төрағасымын. Осы ұйымның арқасында өнеркәсіп саласында еңбек ететіндердің саны артты. Өз өңіріміздегі негізгі жер қойнауын пайдаланушы «Қазақмыс» корпорациясымен жұмыс істейміз. Осы салаға қажет 6 мыңнан аса қосалқы бөлшек шығарамыз. Қазір басқа да жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, - дейді Лариса Гелисханова.

Айтуынша, әйел техникалық сала маманы болмаса да, өнеркәсіпте жеке кәсібін бастай алады.

«Жұмысты ұйымдастыру және басқару қабілеті болса жеткілікті. Үш ұлым бар, оларға үнемі бір іс бастаңдар деп айтамын. Егер адам бір істі бастаса, міндетті түрде нәтиже шығады. Бір жағдайда жолы болмаса, ештеңе етпейді, оның орнына басқа жерде бәрі жақсы болады. Міндетті түрде тәуекелге бару керек. Кәсіпкерлер үнемі тәуекел аймағында жүреді. Қызметкерлерге жалақысын уақытында төлеуге, өндірістің тоқтамауына жауапты», - дейді кәсіпкер.

Ол жұмыс барысында әйелдердің ұсақ-түйекке мән беретінін айтады.

Ер адамдар бізге көмектеспесе, біздің қолымыздан келмейтін еді. Ер адамдар көмектеседі, ал әйелдер тек ұсақ-түйекке мән береді. Менің ұжымымда кіл ер адам жұмыс істейді. Техникалық маман болмасам да, жұмыста ер адамдар мән бермейтінді байқаймын. Еңбек жағдайы әйел үшін қиын, іс тәжірибесінен өтуге негізінен ер балалар келеді. Қыздар келсе, оларды да қабылдайтын едік. Бірақ ер адаммен бірге жұмыс істеген жеңілірек, - дейді ол күліп.

Ал Ләззат Ботабекова елордаға Алматы облысы Райымбек ауданынан келген. Қазір сол аудандағы көмір кенін басқарып отыр. Ол аймақта ашық әдіспен қоңыр көмір өндіріледі.

«Бұл көмірді Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары пайдаланады. Себебі біз жақта теміржол жоқ, қаладан көмір тасу қиын. Бірақ жергілікті халық үшін бұл мекеменің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор», - дейді ол.

Айтуынша, 17 жасында Алматыдағы үй-құрылыс трестіне жұмысқа орналасқан. Бастапқыда студентке жұмыс орны ұсынған жатақхана қажет болған. Алайда уақыт өте келе өзінің өндіріс орнында қызмет еткісі келетінін түсінген.

2001 жылы «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының басшысына кеңесші болып келдім. Ол кісі зейнетке шығарында мені орнына тағайындап кетті. Компанияда қызмет ететіндердің 40%-ы – әйелдер. Есепші, кір жуушы, аспаз, кеңсе қызметкерлері – әйел. Олардың әрқайсысы өнеркәсіп саласының дамуына үлес қосып отыр. Іссапарға шыққанда көмір кенінің басында 10-15 күн, тіпті бір ай қалады. Қазір қара жұмыс істейтін әйелдер жоқ, себебі ауыр техниканы ер адамдар жүргізеді, - ол.

45 жылдық жұмыс тәжірибесінде Ләззат Ботабекованың еңбегі кей жағдайда әйел болғаны үшін бағаланбаған көрінеді.

Бәрібір әйел болып саналасыз. Мәртебе, қызметте өсудің бәрінде әйел екеніңіз үлкен кедергі келтіреді. Әйел ана болған соң жиі сұранады. Әйел отбасының жағдайын ойлап, іссапарға шыға алмай қалады. Сондай кезде елемей, ескермей тастауға тырысады. Қазір 62 жастамын, ұл-қызым өсті, іссапарға еркін шыға аламын. (...) Осыдан 23 жыл бұрын кен орнына жұмысқа барғанымда сол жердегі ер адамдар сын көзбен қарады. Көп шыдамай тастап кетеді деп ойлады. Бірақ білімім мен тәжірибемді көрсетіп, табандылық таныттым. Бұл жағдайда адамдармен тіл табысу маңызды рөл атқарады, - деп түйіндеді Ботабекова.

Айта кетейік, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл күні қазақстандықтар демалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама