Halyq Uni логотип
×

Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы көкбөріні емес, көкпарды таңдады – Елемес Әлімханов

Профессор не себепті Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы қазақтың көкпарын қолдап отырғанын түсіндірді

 Халық үні 05.03.2024 | 13:27

Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бағдарламаға спорттың 20 түрі енген.

Жақында Анталья қаласында (Түркия) Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған VI Этноспорт форумы өтіп, 60-тан астам елден келген халықаралық қатысушылар үшін алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды.

Форумға қазақстандық делегация да қатысып, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов этноспортты халықаралық стандарттарға сай дамыту тәсілдерін жүйелеуге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Оның ішінде ұлттық ат спорты – көкпардың ережелерін халықаралық стандартқа сай етіп, қауіпсіздігі мен тартымдылығын ілгерілету мәселесі де бар. Осы ретте Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ғылыми жұмысының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Елемес Әлімханов арнайы сұқбат беріп, Конфедерацияның не себепті қазақтың «көкпарын» қолдап отырғанын түсіндірді.

Көкпар түркітілдес елдер арасында әртүрлі аталады. Оның қазақтар «көкпар» десе, қырғыздар «көкбөрі» дейді. Осы ретте атауы мен ережесіндегі айырмашылыққа байланысты бауырлас елдер арасында ара-тұра келіспеушілік болып жататыны жасырын емес. Елемес Әлімханов әр елдегі ойындарды бөле-жару мақсат еместігін, алайда ойын мен спорттың ара-жігін ажыратып алу қажеттігін айтты.

Қырғыз халқындағы көкбөрінің тиімді тұстары мен кемшін жақтары да бар. Бізде де солай. Себебі бұл ұлттық деңгейде ғана, яғни тек республика ішінде дамып келе жатқан спорт түрі. Енді соны халықаралық дәрежеге шығармақ болып, Көшпенділер ойындарының бағдарламасына алып отырмыз. Ауғанстанда, Ресейдегі Алтай өңірі халықтарының бәрінде бар ойын. Бәрінің жиынтығын алып, халықаралық ереже бойынша жасайық деп отырмыз. Осы ретте қазақтың көкпарының мүмкіндігі жоғары деп санаймын, - деді Елемес Әлімханов.

Профессор Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының көкпарға басымдық беруін жарақаттың аздығымен, халықаралық талаптарға сай болуымен түсіндірді. Оның пайымынша, көкпарды халықаралық дәрежеге шығару үшін барынша қауіпсіз етуді көздеу керек.

«Қырғыздарда қазандыққа салады, бізде шеңбердің ішіне тастайды. Бұл жерде көкпардың эстетикалық талғамға, адамға жағымдылығымен, тазалығымен, ойыншының жарақат алмауы жағынан тиімді. Себебі, көкпарға біз ғана емес, бүкіл әлем қызығуы керек. Ол үшін мәдениетін дұрыстау керек. Серкені қабылдамай жатқаны да сондықтан. Ат пен аттың соғысып қалуы, оны үздіксіз басынан қамшылай беруі, адамдардың құлап, басылып жатқаны – ұтатын тұсы емес. Осыларды реттеу керек, әйтпесе әлемге таныта алмай, өз ішімізде, аймақтық деңгейде ғана қалып қоямыз», - деді сарапшы.

Сұқбатта ұлттық спорт түрлеріне қатысты басқа да маңызды жайттар сөз болды. Ұлттық ойындардың Олимпиадалық тізімге енуі мүмкін бе? Қазақ күресінің неше түрі бар? Қазақ жылқы малын құрметтеуден қалған ба? «Олимпиада» сөзінің төркіні түркі тілінен алынғаны рас па? Осы және өзге де сұрақтарға Елемес Әлімханов жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама