Halyq Uni логотип
×

«Ақша жоқ». ІІМ сұранысқа ие мамандарды шетелде оқыта алмай отыр

Оларды полиция қызметкерінің айлығына жұмысқа тарту өте қиын

 Дәурен Ерболат 04.03.2024 | 14:28
«Ақша жоқ». ІІМ сұранысқа ие мамандарды шетелде оқыта алмай отыр
Фото: Halyq Uni

Киберқылмыспен күресте мамандардың біліктігін арттыру маңызды. Алайда оларды шетелге жіберіп оқытуға Ішкі істер министрлігінің қаржысы жетпейді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ол киберқылмыспен күресте неге білікті IT-мамандар тапшы екенін түсіндірді.

Сіз (Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы) біздің жанқайымызды естідіңіз. Дұрыс айттыңыз, мықты IT-маманды полиция қызметкерінің айлығына жұмысқа тарту өте қиын. Ешкім келмейді. Жедел уәкіл мен тергеушінің айлығын олар (сіз айтқандай) бір аптаның ішінде табады. Сондықтан оларды біздің жұмыс қызықтырмайды, - деді Айдос Рысбаев.

Сондай-ақ ол Қазақстан бүгінде мамандарды өзі дайындап жатқанын жеткізді.

«Біз (IT-мамандарды) өзіміз дайындап жатырмыз. Қазір Алматы және Қарағандыдағы ішкі істер академиясының базасында 2 факультет ашылған. Алматы академиясында жедел уәкілдерді, Қарағанды академиясында тергеушілер мен криминалистерді дайындаудамыз. Қарағанды академиясы маманды 3 жылда, Алматы академиясы 4 жылда дайындап шығарады. Біз қызметкерлерді аталған факультеттерге біліктілігін арттыру курсына жібереміз», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Айдос Рысбаев мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберу тәжірибесі барын айтты. Бірақ ол мүмкіндікті 4 маман ғана пайдаланған. Себебі ІІМ-де ақша жоқ.

Былтыр төрт-ақ қызметкер (шетелге) оқуға барып келді. Өйткені Ішкі істер министрлігінің ақшасы жеткіліксіз болды. Үшеуі Ресейге барса, біреуін Сингапурға жібердік. (Киберқылмыспен күресте) ең мықты елдің бірі – Сингапур мен Лондон (Англия). Өкінішке қарай, ақшамыз болмай жатыр. Бір-ақ қызметкеріміз (шетелде) оқыды. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Қазір (киберқылмыспен күресетін) 300 адамның ішінде 19 IT-маман бар, - деп түйіндеді сөзін Айдос Рысбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін интернет алаяқтардан 850 млн теңге қайтарылғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама