×

Алаяқтар ешқашан жалғыз әрекет етпейді – қорғаушы

 Айнұр Шошаева 28.02.2024 | 12:20
Фото: видеодан скриншот

Кез келген алаяқтықтың артында ұйымдасқан топ болуы мүмкін. Белгілі қорғаушы Ләззат Ахатова қазақстандықтарда абай болуға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алаяқтар ешқашан жалғыз әрекет етпейді. Олар кәдімгідей топпен жұмыс істейді. Кез келген алаяқтың артында көмектесетін адамдар болады. Мысалы, балабақшаларға қатысты бір іске қатыстым. Бір жап жас қыз 19 балабақшаның меңгерушісін алдап кеткен. Қарап отырып кәсіпкер ханымдар жас қызға алданып, балабақшадағы орын санын көбейту, жаңа балабақша салу үшін бірі 9 млн, енді бірі 19 млн теңге берген деп таңғаласың. Тергеудегі материалдармен танысқанда әлгі сотталушы қыз қалалық білім бөлімінде лауазымды қызмет атқаратын әйел адамның аты жөнін атап, ақшаны соған бергенін айтты. Кейін ол жауабынан бас тартты. Кейін білім бөлімінде істейтін әйелдің інілеріміз деп екі үш жігіт келіп, қоқан лоқы көрсетті деп естідім, - деді ол «Халық үні» ютуб арнасына берген сұхбатында.

Оның пікірінше, кез келген саладағы алаяқтықтың артында лауазымды қызметкерлер болуы мүмкін.

Сондай-ақ былтыр бір іс болды. Ательеде жұмыс істейтін тігінші  9 әйел алданған. Басшысы шотым бұғатталып қалды деп кредит алып беруін сұраған. Біреу сегіз млн, біреуі алты млн теңге алып берген. Таңғалғаным несие алу үшін көп кедергі бар ғой. Ал оларға қомақты соманы несиеге алуға бір жігіт көмектескен. Ол банк қызметкері болуы мүмкін. Бірақ ол жігітті тергеу органы анықтады ма, жоқ па білмеймін. Себебі тігіншілер бірде арыз жазамыз, бірде жазбаймыз деген соң, ол істі жүргізуден бас тарттым, - деп қосты адвокат.

Сонымен қатар ол қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің қорғалуына қатысты ойын айтты.

«Біздің бәріміздің жеке мәліметтеріміз ішкі істер органдарының базасында бар. Кейде біздің жеке деректеріміз алаяқтарға қалай тап болып отыр деп ойлаймын. Қанша ұл қызымыз бар, тіпті аттарына дейін біледі. Полиция қызметкерінің ішінде бес саусақ бірдей емес. Оларда базаға қолжетімділік бар. Бұл өте қауіпті», - деді Ләззат Ахатова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама