×

Шаруалардың шағымы: 500 мың киікті атпаса, мәселе шешілмей ме?

Мүйізге көз тігіп жүрген браконьерлер де ашық аңшылыққа шығуы мүмкін

 Еркеғали Болатұлы 30.05.2022 | 12:05
фото: Б.Убушаев

Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қызғыштай қорып жүріп, санын көбейткен дала жануарларының популяциясын қалай реттеуге болатынын ойластырып отыр. Ал елімізде киіктерді атуға келесі жылға дейін мораторий жарияланған. Сондықтан экологтар ақбөкендердің санын реттеуге әлі ерте деген пікірде. Жалпы, қазақ даласында оның 3 миллионға жуығы емін-еркін жүруге тиіс екен. Ал үш популяцияның ең ірісі – Оралдың шаруалары киіктер жайылымдарын отап, егіндерін таптап, суаттарын суалтып біткендерін айтып, дабыл қаға бастады.

«Азын-шоғын малға азық жинай алмаймыз. Шөбімізді киік жеп кеткеннен кейін өзіміз қаңғып, шөп шабуға 100 шақырым жерге кетеміз. Қазір бізге бір тал шөп алтынмен бірдей. Бос орын көп, киіктерді сол жақта қайырмалап ұстауға болады ғой. Ағобаның алдындағы Қопа деген жерге үйретсе, үйренеді», - деді «Хабар» телеарнасына сұхбат берген шаруа қожалығының басшысы Ғибатолла Мекетаев.

Биыл ақбөкендердің саны шамамен 1,5 миллионға жетіп қалған. Олардың әлемдік популяциясының 99 пайызы қазақ жерінде. Енді соңғы 2 жылда шырылдап жүрген шаруалардың мәселесін шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ақбөкендердің санын реттеуге мәжбүр. Яғни олардың 500 мыңға жуығын атуға рұқсат беруі мүмкін.

«Мамандарымыз Батыс Қазақстан облысына барып келгеннен кейін арнайы жұмыс тобы құрылады. Соның аясында киіктердің санын реттеу жөнінде шешім қабылданады. Атуға рұқсат берілетін болса, оған тиісті негіздеме келтіру қажет. Біздің ғалымдардың пайымынша, Орал популяциясында шамамен 450-500 мың ақбөкен болса жеткілікті. Қазір ол жақта 800 мыңнан астам киік мекен етеді. Әзірге шешім қабылданған жоқ», - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов.

Ал эколог Сәкен Ділдахметтің айтуынша, ақбөкендер қазір ешкімге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Керісінше, шаруалар иелік ететін гектар-гектар жерлердің көбі тиімді пайдаланбай жатыр.

«БҚО-да бір шаруашылықтың 100 мың гектар жерінде 40 сиыр жайылып жүргенін көрдім. Бұл – өте нонсенс жағдай. Не егін екпейді, не шөп егілмейді. Сондықтан киік кіріп жатыр деп мәселені көтеру де орынсыз. Бұл – бір. Екіншіден, соңғы 15 жылдың ішінде елімізде тасжолдар көп салынып жатыр. Бірақ бұлардың барлығы ешбір зерттеусіз жасалды. Көптеген жабайы жануарлар, соның бірі – киік жыл 12 ай көшіп-қонып жүреді. Өзінің миграциялық жолдары бар. Сол көптеген миграциялық жолды жол салған кезде жауып тастаған», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Оның айтуынша, Экология министрлігі киікті атуға тыйым салатын мораторийді 2023 емес, 2025 жылға дейін ұзартып, реттелмеген мәселелерді біржақты етулері керек. Әйтпесе, ақбөкенді атуға рұқсат бергеннің өзінде ертең жануардың мүйізіне көз тігіп жүрген браконьерлер ашық аңшылыққа шығуы мүмкін.

«Киіктің саны өскеннен кейін осы реттеу мәселесі туындайды. Онымен кім айналысуы керек? Ол жекеменшік монополия бола ма, әлде мемлекеттік монополия бола ма? Бірақ бұл жерде басты факторды ескеру керек: киіктің мүйізін, етін өндіріске жіберген кезде мемлекеттік монополия болу керек. Бұны міндетті түрде мемлекет, яғни Экология министрлігі атқаруы керек. Оның құрамында «Охотзоопром» мекемесі бар. Ол тек қорғау жұмыстарымен ғана емес, сонымен қатар осындай реттеу мәселесімен айналысып, өндірістік мақсатта қолдануға құқылы», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Айта кетсек, соңғы жылдары осы ақбөкендерді қорғауда браконерьерлердің қолынан 3 инспектор қаза тапқан. Жалпы құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы Конвенция Қазақстанға киікке қатысты нөлдік квота бекіткен. Демек, ақбөкендердің санын реттеу үшін биологиялық негіздемені тек ел ішінде ғана емес, шетелде де дәлелдеу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама