×

Депутаттар ҰОК жаңа президенті жайлы: «Генаны қолдаймын, бірақ оның орынбасарларын...»

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық олимпиада комитетінің жаңа президенті Геннадий Головкинді қабылдады

 Дәурен Ерболат 01.03.2024 | 16:59

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін 8 жыл басқарған миллиардер Тимур Құлыбаев бұл қызметтен кетіп, оның орнын әйгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин басты.

ҰОК басшысы ауысқанымен, бұрын да ҰОК вице-президенті лауазымында болған бизнесмен Данияр Әбілғазин (жазғы спорт бойынша) мен бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин (қысқы спорт) орнында қалды.

ҰОК-тағы өзгеріс ел спортына серпіліс бере ме? Геннадий Головкин ҰОК жұмысын жаңа деңгейге шығара ала ма? Бес айдан кейін Париж олимпиадасы өтеді, оған біздің ұлттық құрама спортшылары дайын ба?

Міне, осы сұрақтарға Мәжілістің бір топ депутаты жауап беріп, GGG басшылық ететін ҰОК жұмысы жайлы пікірін айтты.

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

- Менің ойымша, саяси жағынан ҰОК басшысы ауысқаны дұрыс. Халықтың көңілі қалған «Ескі Қазақстан» тұлғаларының басшылықтан кеткенін құп санаймын.

Геннадий Головкин – әлемге белгілі спортшы. Ұлттық олимпиада комитетіне осындай тұлғалардың басшы болып келгенін қолдаймын. Тимур Құлыбаевқа қарағанда GGG спорттың не екенін жақсы біледі, түсінеді.

Ол жерде Геннадий Головкин жалғыз жұмыс істемейді. Орынбасарлары бар, Спорт министрлігі бар. Сондықтан мен оң бағыттағы өзгерістер болады деп үміттенемін. Генаға сенемін. Позициясын ашық айтады деп ойлаймын.

Данияр Қасқарауов, Мәжіліс депутаты:

- Геннадий Головкин спортшы ретінде үлкен жетістіктерге жетті. Бірақ GGG соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде шет мемлекеттерде тұрды. Сондықтан мен оның ҰОК басшысы болғанын қолдаймын деп айта алмаймын. Әзірге оның стратегиясымен, нақты жоспарымен таныс емеспін.

Спортқа аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Сондықтан прогресс болады деп ойлаймын.

Сергей Пономарев, Мәжіліс депутаты:

- Біз бәрін бақылап отырмыз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары олимпиадалық спорт түрлері бойынша құлдырау бар. Олардың жанында параолимпиадашыларымыз жиі жетістікке жетіп жүр. Бірақ параолимпиадашылар мен олардың бапкерлерінің жалақысы олимпиадалық спорт өкілдерімен салыстырғанда анағұрлым аз.

Ал, Геннадий Головкиннің ҰОК президенті болғаны туралы айтсақ... Мықты спортшы, кесек тұлға, лидер, әлемге танымал адам. Десе де, ол шенеунік емес. Бірақ олимпиадалық спорт түрлерін бүге-шүгесіне дейін білетін адам. Егер ол тек орындаушы болатын болса, көп дүние өзгермейді. Ал спорттағы мәселелелерді байыбына барып зерттеп, дұрыс шешім қабылдайтын болса, онда сөзсіз нәтиже болады.

Аян Зейнуллин, Мәжіліс депутаты:

- GGG Германия, АҚШ-та жүргенде менеджментті меңгерді. Енді сол тәжірибесін елдің игілігіне жұмсайды деп сенемін.

Париж олимпиадасына 5 ай қалды. Олимпиададан 2-3 алтын медаль аламыз деп ойлаймын.

Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

- Геннадий Головкин – қазақ елін әлемге танытқан спорт тұлғасы. Бірақ үздік спортшы болу бір бөлек, үздік менеджер болу бір бөлек.

Егер GGG Ұлттық олимпиада комитетін басқаруға келісімін берсе, демек ол бәрін ой таразысынан өткізіп, нақты стратегиямен келді деп сенемін. Головкиннің абыройы спортшыларымыздың мәртебелі жарыстарда әділетсіздікке ұшырамауына әсер етеді деген үміт бар.

Бірақ ҰОК басшысы болып Геннадий Головкин сайланғанымен, оның орынбасарлары болып бұрыннан келе жатқан экс-шенеуніктердің қалғанына көңілім толмады. ҰОК басшылығы жаңарған екен, демек тұтастай жаңаруы қажет еді деген ойда қалдым. Өйткені, басшылыққа мықты азамат келгенімен, оның орынбасарлары жанын салып жұмыс істемесе ештеңе өнбейді. Сондықтан, ҰОК сапындағы кадрларды өзгерту мәселесі енді қолға алынады деп ойлаймын.

Геннадий Головкинді көпшілік қолдағанымен, оның орынбасарлары туралы айтылғанда халықтың іш тартып қалғаны рас. Сондықтан, тұтастай өзгеріс керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама