Бюджет тапшылығы – 7,5 трлн теңге
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов елімізде бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары екенін айтып, орынсыз шығындарды қысқартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Биыл Қазақстанның шығыны – 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі – табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздардан түсіп отыр. Жалпы бюджет тапшылығы – 7,5 трлн теңге. Уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз. Сөздің ашығын айтқанда, «бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре беретін заман келмеске кетті, - деді Мархабат Жайымбетов.
Бұл ретте депутат жаңа қаржы көзін табу керек деген пікірде.
Біріншіден, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, Қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады.
Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет? - деді ол.
Мархабат Жайымбетов салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттырып, олардың санын оңтайландыру қажет деген ұстанымда.
«Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңге болған. Бұл – бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген.
Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл – едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңге қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек, болашақта 50%-ға жеткізуге болады.
Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салығынан (НДС) босатылған. Бірақ осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдар бағасының түсуіне әсер етпеген», - деді депутат.
Ол осы айтылғандарды негізге алып, төмендегі мәселелерді қарастыруды ұсынды:
Сонда ғана 100% ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз.