Ештеңе істей алмаймыз – Бас прокуратура Бергей Рысқалиев туралы
Бүгінде экс-шенеунік Англияда тұрады
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің неге ұсталмай жатқанына қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Әсет Шындалиевке «Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев неге Лондонда арқаны кеңге жайып, бренд дүкендердің жанында фотоға түсіп жүр? Бас прокуратура оны іздестіріп жатыр ма?» – деген сұрақ қойылды.
Бас прокурордың орынбасары құзырлы органдардың келісім болмаса, жұмыс істей алмайтынын жеткізді.
Оған сырттай шығарылған сот үкімі бар. Өкінішке қарай, бізде Лондонмен сотталғандар беру және алмасу туралы келісім жоқ. Біздің құқық қорғау органдары тиісті келісім болмаса, ештеңе істей алмайды, - деді Әсет Шындалиев.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Бергей Рысқалиев 17 жылға, оның ағасы Аманжан Рысқалиев 16 жылға сырттай сотталған болатын.
Ағайынды Рысқалиевтерге мынадай айыптар тағылды:
- Аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және аса ірі көлемде алаяқтық жасады;
- Аса ірі көлемде пара алды және ресми жалған құжаттар дайындады;
- Мемлекетке үлкен көлемде зиян келтірген жалған кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды;
- Қылмыстық топ құрды және осы топтың мүддесі үшін қызмет бабын асыра пайдаланды.
Айыптау актісіне сәйкес Бергей Рысқалиев мемлекетке 72 млрд теңге зиян келтірген.