Ләззат Ахатова алаяқтар ешқашан жалғыз әрекет етпейтінін айтты
2023 жылы тіркелген құқық бұзушылықтардың 30%-ын алаяқтық құраған, салдарынан 34 623 адам зардап шеккен. Бұл қылмыс бойынша Алматы, Астана, Қарағанды қалалары көш бастап тұр. Азаматтардың атына кредит рәсімдеу, банктегі қаражатты ұрлау, төлем карталарын пайдалану сияқты қылмыстарды шетелде тұратындар жасаған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
«Халық үні» YouTube арнасына берген сұқбатында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбек ақпараттық технологияларды қолдану арқылы ресейлік азамат 30 отандасымызды алдағанын айтты.
Банктің есепшотын ешкімге беруге болмайды, ойда жоқта қылмысқа ортақ болуың мүмкін. Өз есепшоты арқылы Ресейде отырған алаяққа ақша аударған Шымкент қаласының тұрғыны 4 жылға бас бостандығынан айырылды, - дейді судья.
Сондай-ақ Ернар Қасымбек өзі қараған істерге де тоқталды. Ішінде банктің бас маманы банк салымшаларының қаражатын жымқырған жағдай да бар. Тіпті Forbes.kz бойынша ең бай 50 адамның тізіміне енген азамат жеке тұлғалармен қатар, банктерді алдаған, келген шығын – 100 млрд теңге.
Заңгер Ләззат Ахатова алаяқтар ешқашан жалғыз әрекет етпейтінін, қылмысты топтасып жүзеге асыратынын айтады.
Қазір алаяқтар неше түрлі схемалар ойлап табады. Тіпті WhatsApp желісі арқылы келген сілтемелер де қауіпті. Оларға адамдар туралы ақпарат қолжетімді. Сондықтан барынша сақ болу керек, - дейді Ахатова.