Қосшы Астанаға қосыла ма - Жеңіс Қасымбек жауап берді
Елорданың бас жоспары бекітілген
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қосшы елді мекені қалаға қосылмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысынан соң журналист әкімге «Астана маңында орналасқан елді мекендерді қалаға қосу жоспарда бар ма?» деген сұрақ қойды. Жеңіс Қасымбек бұл мәселе әзірше қарастырылмайтынын жеткізді.
Биыл қаңтарда 2035 жылға дейін Астана қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді. Сондықтан осы құжат негізінде мәлімдеме жасай алмаймын. Құжатқа сәйкес, осы кезеңде Қосшыны Астана қаласына қосу жоспарланбаған, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ ол қалаға жақын орналасқан елді мекендерге тиісті инфрақұрылым салынатынын жеткізді.
Алдағы уақытта (Астанаға) жақын орналасқан елді мекендерді қалаға қосу жоспарда жоқ. Біз Ильинка, Үркер елді мекендерінің қалаға тиіп тұрғанын білеміз. Олар – бір елді мекен, ортасын жол бөліп тұр. Ильинкада тұратын балалар Үркерде оқып жатыр. Қазір біз Ильинкаға 2 мектеп салып жатырмыз. Себебі онда 30 мыңнан аса адам тұрады. Алдағы уақытта осындай мәселе (елді мекенді қалаға қосу) туындауы мүмкін. Алайда қазір ресми түрде ондай құжат жоқ, - деді Жеңіс Қасымбек.
Еске сала кетсек, 2021 жылғы шілдеде Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған болатын. 2022 жылғы қаңтарда Қосшы қаласында мемлекеттік кірістер басқармасы құрылды. Сондай-ақ қаланың өз соты құрылып, судьялары тағайындалды.