Оқушылардың мектепте намаз оқуына бола ма – министр жауабы
Бұған дейін әлеуметтік желіде оқушылардың мектепте намаз оқып жатқан видеосы жарияланды
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп намаз оқуға емес, білім алуға арналған орын екенін ескертті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде оқушылардың мектепте намаз оқып жатқан видеосы жарияланған болатын. Ведомство басшысы аталған жағдайға қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бүгінде біз жағдайды анықтап жатырмыз. Оқиғаның қай мектепте, қай өңірде болғаны әлі белгісіз. Толық мән-жай анықталған соң белгілі бір шаралар қабылданады. Біз алдымен оқиғаның қайда болғанын анықтап алуымыз керек, - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында.
Журналистер «Жалпы мектептерде намазхана болуы керек пе?» деп сұрағын нақтылады.
Ғани Бейсембаев мектептің намаз оқитын жер емес екенін ескертіп, онда оқушылар білім мен тәрбие алуы керегін айтты.
«Ең алдымен мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы. Сондықтан мектепте ұстаздарымыз балаларымызға білім беруі керек. Бұл туралы біз үнемі айтып жүрміз. Бұл ұстанымнан біз тайған емеспіз. Сондықтан басқа мәселені көтерудің қажеті жоқ. Жалпы мектеп – сапалы білім мен тәрбиені үйретуге арналған орын. Сондықтан бұл мүлдем мүмкін емес», - деді ведомство басшысы.