«Қағаз жүзінде ғана қалады»: Үкімет басшысы шенеуніктердің тасқынға дайындығына күмән келтірді
ТЖМ оқу-жаттығуды өткізу форматын қайта қарауы керек
Премьер-министр Олжас Бектенов шенеуніктердің көктемгі су тасқынына дайындығына күмән келтірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысы бұған дейін өңірлерге су тасқынына қарсы барлық іс-шараны сапалы іске асыру туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін еске салды.
Алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдамады. Салдарынан 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Су тасқыны проблемасын кешенді түрде шешу қажет. Осы бағытта үйлесімді жұмыс істеп, барлық мемлекеттік орган мен қызметтің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажет, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ премьер-министр шенеуніктердің су тасқынына дайындығына күмән келтірді.
Министрлік жыл сайын «Көктем» республикалық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңір су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет.
Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігі оқу-жаттығуды өткізу форматын қайта қарауы керек, ал өңір әкімдіктері су тасқынының барлық себебін зерделеп, оларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуге тиіс. Көлемді судың келетін күні алыс емес», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін 10 өңірге су тасқынынан қауіп төніп тұрғаны хабарланған еді.