Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында әкімдік қызметкерлері спортпен амалсыз шұғылданып жүр (ВИДЕО)

Олардың шағымына қатысты өңір әкімдігі түсінік берді

 Еркеғали Болатұлы 16.02.2024 | 15:10
Жетісу облысында әкімдік қызметкерлері спортпен амалсыз шұғылданып жүр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Жетісу облысы әкімдігінің қызметкерлері басшылыққа шағым білдірді.

Журналист Михаил Казачковтың көмегіне жүгінген азаматтардың айтуынша, облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев әр сенбіде қызметкерлерді жұмысқа мәжбүрлеп шақырып, дене шынықтырумен айналыстырады екен. Олар дәлел ретінде жаттығу жасап жүрген шенеуніктердің видеосын жолдаған.

3 ақпаннан бастап осындай науқан бастады. Әр сенбі күні сағат 9:00-де бәрімізді алаңға жинап, спорттық жаттығулар жасатады және оны видеоға түсіреді. Біздің қарсылығымызға қарамайды, шықпаймыз десек, қысым көрсетеді. «Шықпасаңдар, жұмыстан кетіңдер! Бұйрықтың аты – бұйрық» дейді. Сенбі күнге демалысты отбасымызға арнағымыз келеді. Бюрократиямен айналысқанша, спортта нақты нәтижелер көрсетуге тиіс, – деді әкімдік қызметкерлері.

Олардың шағымына қатысты Жетісу облысының әкімдігі түсінік берді. Ресми мәліметке сүйенсек, облыстық ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің ұсынысы бойынша әр сенбі сайын «Денсаулық күнін» өткізу туралы шешім қабылданған.

«Тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 3-10 ақпан аралығында Жетісу аудандық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы» КММ «Жастар» және «Жеңіс» саябақтарында Талдықорған қаласының тұрғындары арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, өткізді. «Спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығы» КММ жаттықтырушылары дене жаттығулары, арқанмен секіру, арқан тартыс жарыстарын өткізді. Шараға 500-ден астам азамат қатысты. Спорттық шараға жастар, қала тұрғындары мен ардагерлер қатысты. Қатысу ерікті», - делінген әкімдік хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама