Майнерлер ЖЭК сала алады, бірақ мемлекет тарапынан қолдау керек – сарапшы

Ербол Тұрымбет

Мамандар өзгерісті заңнамадан бастау керек екенін айтады

Жаңартылатын энергия көздері сияқты ірі жобаларды қолға алу үшін майнерлерге банк тарапынан кепілдік керек. ЖЭК елдің энергия жүйесіне біраз серпін бере алады. Бірақ ол үшін заңнамалық базаны майнерлер электр көзін салып алатындай етіп реттеу қажет. Бұл туралы Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Анатолий Шкарупа мен Қазақстандық блокчейн технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашев «Голос народа» YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

Анатолий Шкарупаның сөзінше, ең жылдам жүзеге асырылатын жоба – жаңартылатын энергия көздері, яғни жасыл энергия. Екіншіден, оның нәтижесінде майнерлер мен ЖЭК арасында тікелей байланыс орнайды. Оның үстіне, өндірілген электр энергиясын нарыққа да сата алады.

Сарапшының айтуынша, егер саланың осылай дамуына мүмкіндік берілсе, ол өте тиімді болмақ. Өйткені, бүгінде ЖЭО, атом станциясы немесе үлкен су электр станциясын салуға ұзақ уақыт пен көп қаражат керек.

Сондықтан ең тиімдісі – ЖЭК, болмаса газ-электр станциялары. Бірақ өкініштісі, бұл жобаларды жүзеге асыру қиын. Өйткені, шикізат базасы, яғни отын ретінде пайдаланылатын газ көлемі нақтыланбаған. Егер осы ЖЭК пен осы газ станцияларын біріктіріп, жалпы жүйеге енгізсек, ол нарықтың дамуына жақсы серпін бере алатын еді, - дейді сарапшы.

Қазақстандық блокчейн технологиялар және дата-орталықтар қауымдастығының төрағасы Дәурен Қарашевтің сөзінше, әу баста майнинг қызметі Қазақстанда да, әлемде де біршама сенімсіздік туғызған. Сондықтан, сарапшы ЖЭК сияқты ірі жобаларды қолға алу үшін майнерлерге банк тарапынан кепілдік керегін айтады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде елдің энергия жүйесіне біраз серпін беруге болады.

Алайда ол станцияны салатын инвестор үшін де біршама қаражат тұрғысынан кепілдік керек. Майнер мен мемлекет сол қаржы кепілдігін қамтамасыз ете алса, инвестиция тарту мәселесі әлдеқайда жеңілдер еді. Сайып келгенде, бізге қаражат жағынан да, қолдау тұрғысынан да мемлекеттің көмегі керек, - дейді Дәурен Қарашев.